Бүгінге дейін коньки тебумен әуестенетіндер тек “Қарасай” спорт кешенінің мұз айдынын пайдалана алатын. Келушілер көп болғандықтан коньки алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға тура келетін. “Жастар” стадионында соңғы екі жыл қатарынан мұз айдыны құйылмаған болатын. Биыл мұнда да 4 мыңға жуық шаршы метр аумақты алып жатқан сапалы мұз айдыны пайда болды. Кез-келген қалалық күндізгі сағат 12- ден кешкі 8-ге дейін аяғына жезтабан байлап, қыстың кереметіне бөлене алады. Коньки тебушілердің арасында зейнеткер Николай Сатладинов та бар. Немересін спортқа баулу үшін күнде ертіп осында келеді екен.
Николай Сатладинов:
– 53-ші жылдан бері осы стадионға қысы–жазы келіп жаттығып тұрамын. Жастық шағымда кәсіпқой хоккеймен айналыстым. Әлі де әуестігімнен жаңылған жоқпын. Соңғы уақытта мұз айдынының құйылмағандығы барлығымызға қиын болды. Сондықтан қала әкіміне барып, осы мәселені көтердім. Қазіргі мұздың сапасы өте жақсы.
Жаңа мұз айдынында “Қызылжар” ФК ойыншысы Владимир Никлевичті де кезіктірдік. Қақпашы коньки тебу спорттық шеберлігімді шыңдауға көмектеседі дейді.
Владимир Никлевич, “Қызылжар” ФК қақпашысы:
–Солтүстіктің қысы ұзақ. Сондықтан спорттық деңгейімді келесі жарыс маусымына дейін ұстап тұру үшін коньки тебудің көмегі зор. Біріншіден, аяқ бұлшық еттерін қатайтып, шыдамдылық пен шапшаң қимылдауды дамытады.
Конькилері жоқтарға спорттық жабдықты осы жерде жалға беру орны жұмыс істейді. Жез табанды қайрайтын пункт те бар. Мұз айдынының айналасы жарықтандырылған.
Владимир Пак, мұз айдынының меңгерушісі:
– Бізге негізінен Бензострой, Вокзал, Алтын базар аудандары мен Жұмысшы кентінің тұрғындары көптеп келеді. Сондай-ақ келісім бойынша жақын маңдағы мектептер мен теміржол колледжінің денешынықтыру сабақтары осы жерде өтеді.
Жалпы облыс орталығында биылғы қыста “Қарасай”, “Жастар” стадиондарынан басқа шағын аудандар мен мектеп алаңдарында 50-ге тарта мұз айдындары құйылды.
Жеңіс Ермұқанов