Билік

“Нұр Отан” ХДП Тимирязев аудандық филиалы өткен жылды қорытындылады

 

 

 

 

“Нұр Отан” партиясы Тимирязев аудандық филиалы  саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында алдымен  филиалдың өткен жылы атқарған жұмысы мен «Нұр Отанның» 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының жобасы қаралды. Бүгінде Тимирязев аудандық партия филиалында 20 бастауыш  ұйымға біріккен 1,5 мың белсенді бар. Аудандағы нұротандықтардың жұмысы жайлы филиал төрағасы Қайрат Қасенов баяндады.

  Қайрат Қасенов, «Нур Отан» ХДП Тимирязев аудандық филиалының төрағасы, Тимирязев ауданының әкімі:
Аудандық партия филиалы бірінші кезекте бастауыш партия ұйымдарын құруда ауқымды жұмыс атқарды. Бұл ұйымдардың отырыстарында  тіркелген барлық сыбайлас жемқорлық фактілері сараланып, олқылықтарға жол берген партия мүшелері жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. Сонымен қатар  партиялық бақылау бекеттерінің өкілдері өз кезегінде  әлеуметтік нысандардың құрылысын қатаң қадағалауда.  

Бүгінде аудандағы партия мүшелерінің алдына қойылған  негізгі міндет – «Нұр Отан» партиясының халықтық платформасын одан әрі жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан шет қалмау.

  Қайрат Қасенов, «Нур Отан» ХДП Тимирязев аудандық филиалының төрағасы, Тимирязев ауданының әкімі:
Қазіргі таңда кәсіпкерліктің дамуына оң жағдайлар жасалып, бәсекеге қабілетті индустриалдық кешен құру жұмыстары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде 11 айда ауданның өндірістік  кәсіпорындары 1 млрд теңгеден астам өнім шығарды.

Жиынға қатысқан облыс әкімі атқарылған ауқымды жұмысқа  оң бағасын берді. Конференция делегаттары бірауыздан партияның бүгінгі төрағасы – Қайрат Қасеновтың кандидатурасына қолдау білдіріп отыр. Төраға сайланған соң тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, саяси кеңес бюросының құрамы анықталды. Сондай-ақ, конференцияның күн тәртібіне желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары көтерген ҚР тұңғыш Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастамасы да шығарылды.

  Иван Чиркалин,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Елбасына қолдау білдірген ел азаматтарының дауыстарын жинауда партия мүшелері ерекше белсенділік танытты.
Қазіргі уақытта республикалық референдум өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Алайда, бұл тек партияның ғана емес, барлық республика азаматтарының борышы, келер ұрпаққа қалдырған аманаты.  

Конференция жұмысын «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Серік Біләлов  қорытындылады.

  Серік Біләлов,  «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі:

-Елбасы алға тартқан стратегия – баршамыздың бірігуімізге негіз болуы қажет. Өйткені біздің алдымызда маңызды міндет – экономикасы дамыған, мықты әлеуметтік саясаты, заңға арқа сүйеген саяси институттары бар мемлекет құру. Елімізде барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жан-жақты қамтамасыз етілген. Ендеше Елбасын қолдаушылардың партиясы да Қазақстанды дамытатын, қоғамды біріктіретін күш болуы тиіс.  

Ауданға сапарының барысында Серік Біләлов   Тимирязев орта мектебіне барып, 30 балаға шақталған шағын орталықты аралады. Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі “Балапан” бағдарламасының аясында іске қосылған. Облыс әкімі мектеп ұжымына 15 жұп шаңғы сыйға тартты.

Гүлмира Шоқтыбаева