Әр түрлі

Нумизматтарға сыйлық

 

Ұлттық Банктің облыстық филиалында  бұдан біраз бұрын түскен «Әлемнің әйгілі мешіттері»  сериясынан үш монета әлі де сақталған. Мұсылман намазханалары  бейнеленген алтын тиындар ел деңгейінде 3000 данамен шыққан. Ескерткіш монеталардың дизайны  ерекше. Тиындардың көлемдері шағын болса да, оймақтай алтынға құйылған бейнелер  мұсылман қауымына өте таныс. Атап айтсақ, үш монетада “Жартастың күмбезі”, “Қағба”, “Сұлтан” сынды әлемнің  әр түкпірінде орналасқан ең ірі мешіттердің суреттері салынған.  Саф алтыннан құйылған туындылардың құны 23 000 теңге.  Банк қызметкерлері нумизматтарға  тағы бір жағымды хабар дайындап қойыпты. Жақында біздің облысқа инвестициялық монеталар келіп түскен. Құны еселене түспесе, еш арзандамайтын аса сирек бұл бұйымдардың бағасы да сапасына сәйкес.

Ескендір Сүлейменов, “ҚР Ұлттық банк” ММ СҚОФ қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу және кассалық операциялар бөлімінің маманы:
-Бізге екі инвестициялық монета келіп түсті. 155,5 грамдық тиын 1млн 40 мың 464 теңге тұрады. Екіншісі  – 62,2 грамм. Оның құны 421 157 теңге. Олардың бағасы валюта бағамы мен алтын биржасының құнына сай өзгеріп отырады.

Ұлттық Банктің спорт сүйер қауымға да тосын сыйы бар. Келесі құнды шығармашылық табыстардың бірі – “Еркін күрес: 2012 олимпиада ойындарына” арналған монета. Бұл монетаның салмағы 31,1 грамм. Күмістен жасалған ескерткіш монета 5000 теңге тұрады.

Гүлден Сәрсенбаева