Құқық қорғау органдары

Жолда қалғандарға полицейлер көмек көрсетті

 

 

 



 Бірнеше күн қатарынан -30-35 градустан түспей тұрған Сарыарқаның ақырған аязы әлі қаһарынан қайтар емес. Қаладағы арнайы қызметтер де күшейтілген тәртіпте жұмыс атқарып жүр. Жол полициясының бақылау пункттері де аттан түскен емес. Қазіргі олардың басты міндеті – қала сыртына шыққан жолаушылардың суықта қалып қоймауын қадағалау. Осындай аязды түндердің бірінде Ресейдің Төменгі-Новгород қаласынан Астанаға бет түзеген «Камаздар» тізбегі Петропавл маңында тоқтауға мәжбүр болған. Көліктердің бірі қатты суықтың салдарынан істен шығыпты. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен полицейлер түн жарымында қауіптің қармауында қалған жолаушыларға қолдан келген көмектерін көрсетті.

  Геннадий Теплов, жүргізуші:
– Осындағы барлық қызметкерлерге шексіз алғыс білдіремін. Бізге уақытша пана берген мектеп әкімшілігіне де рақмет айтамыз.

Дәл осы түні тас жолда полицейлерге Алматыдан келе жатқан Түркия елінің азаматтары да кезікті. Солтүстіктің аязына шыдай алмаған екі бірдей жүк көлігі мүлде істен шығып қалыпты. Жолдағы кезекшілік кезінде тәртіп сақшылары жүзгізушілерде көлік сынып қалған жағдайда қажетті жылытқыш  шам, арқан сияқты басқа да құралдардың бар-жоғын тексереді. Автобус пен үлкен жүк көліктеріне баса назар аударылады. Жалпы  аяз басталғалы полицейлер 30-ға жуық жүргізушіге тоңбай, бағыт алған жерлеріне аман жетуіне жәрдемдесіпті.

 Кәусар Аяпбергенқызы