МТРА жаңалықтары

2010 жыл қорытындылары

Ел көлемінде 2010 жылы біраз шаруа тындырылған.  Әрине, бар жұмыстың бастамасы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жатыр.
2010 жылғы Елбасының Қазақстан халқына жолдауы тұтас онжылдықты қамтыды. Президент тарихи құжатта дағдарысты еңсерген кезеңнің жаңа жоспарларын белгіледі. Ал 2010 жылдың басты жетістігі ретінде Қазақстанның  Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін атаймыз. «Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік » деген ұранмен кәрі құрлық ұйымының тізгінін ұстаған Қазақстанның төрағалығын а әлем оң бағасын берді. Ал желтоқсанның 1-2-сі Астана қаласында ұйым саммитінің өткізілуі «Қазақстанның жұлдызды сағаты» атанды.  

   Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толды. Еліміздегі 130-дан аса ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген ұйым ұлттар достығы лабораториясына айналған.
2010 жылы Қазақстан Ресей, Белоруссиямен бірге бірыңғай кеден одағына кірді. Тауар айналымына кеңінен жол ашылды. Сан сағаттар кеденде тұратындар кеден одағының жетістіктерін бағалап үлгерген.

   2010-2011 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы  ондаған өндіріс орындарын ашып, ғылымның жетістіктері мен ұшқыр технологияларды жүзеге асырып, халықты жұмыспен, тұтынушыны сапалы өніммен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама. Биыл елімізде 152 жоба жүзеге асырылып, 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Алғашқы жартыжылдықта 72 өндіріс орны іске қосылды. Солтүстікқазақстандықтар тікелей эфир арқылы Елбасына «ЗИКСТО» зауытындағы астық тасығыш вагондар өндірісін көрсетті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Сіздің бастамаңызбен қолға алынған индустрияландыру бағдарламасы СҚО өнеркәсібіне де тың серпіліс берді. Осындай ұшқыр жобалардың бірін өңіріміздегі машинажасау кәсіпорны жүзеге асырып жатыр.

Жыл соңында жоспардағы 10 жобаның барлығы жүзеге асырылған,  қалған төртеуі келесі жылдың үлесінде.  Ал диқан қауымы үшін барыс жылы күрделі болды. Құрғақшылық ұзаққа созылып, халықтың дегбірі қашқан тұста Елбасының облысқа жұмыс сапары ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің көңілдерін көтеріп тастады. Көп кешікпей диқандар облыс қамбасын 4 миллион 100 мың тонна астықпен толықтырды.  

  5 миллиард 400 миллион теңге – республикалық “Жол картасы” бағдарламасы бойынша облыстағы 141 нысанға бөлінген қаржы. Мемлекеттің қолдауының арқасында облыс орталығындағы «Қызылжар» оранжереясына күрделі жөндеу жүргізілді. Облыстық перинаталдық орталықтың акушерлік корпусы желтоқсан айында толыққанды жұмыс істей бастады. Қалалық мәдениет үйінің бүгінгі кейпі көрермендерді таң қалдырады. Бүгінде мәдениет ордасында 20-дан  астам шығармашылық топтың даярлануына жағдай жасалған.
   Барыс жылы облыста 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2010 жылы дәрігерлер үшін ғана бірнеше үй тапсырылды.
   Облыста республикалық “Балапан” бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірімізде мектепке дейінгі білім беру нысандарының саны 600- ге таяды, шағын орталықтар балабақша мәселесін шешудің бірден бір жолы болып отыр. Ал облыстағы бала санын көбейту үшін облыс басшылығы қолға алған тағы бір маңызды бағдарлама “Ұрпақ қоры” деп аталады. Дүниеге төртінші сәби келген отбасыларға ақшалай қолдау жасау ісі  – СҚО игі бастамасы.
   Оқушылардың жетістіктері өз алдына бір төбе. ҰБТ-де 125 ұпаймен алға шыққан Ә.Досмұхаметов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернат түлегі Азат Мамырхан – облыс мақтанышы. Президенттік олимпиадада жеңіске жетіп, “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алуды жоспарлап отырған Жасұлан Шайқығали ертеңінен үміт күттіретін өрен.
   Барыс жылы біртуар тұлғалар – аты алашқа танымал әнші, ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының, саяхатшы-ғалым, ағартушы, тарихшы, этнограф Шоқан Уәлихановтың, академик-жазушы  Сәбит Мұқановтың мерейтойларын атап өттік.

  Бұл жыл спортшыларымыздың додалы жарыстардағы жетістіктерімен есте қалмақ. Гуанджоудан алтын алып келген Маргарита Мацко жеңімпаздар көшін бастады.
   Бұл барыс жылғы жаңалықтардың бір парасы ғана. Ал біздің тілшілеріміз осы оқиғалардың басы -қасында болып, тікелей араласып, сіздерге хабар таратып жатты. Қоян жылы да сіздерге айтарымыз мол болсын.

 

Әсем Рахметова