Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар референдумды қолдайды

 

 

 

 

 

 

«Жасасын Қазақстан  Елбасы бастаған»  деп ұрандатқан солтүстікқазақстандықтар Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы толық қолдайтындықтарын жеткізді. Референдум өткізуге қолдау таныту мақсатында ұйымдастырылған жиында түрлі саланың қызметкерлері, аға толқын мен өскелең ұрпақ өкілдері бас қосты. Барлығының айтары бір – ұлт көшбасшысы – тұңғыш Президентіміздің көреген жетекшілігімен бүгінгі гүлденген Қазақстанды құрып отырмыз.

Таңат Сүгірбаев
, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:
– Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды үлкен белеске көтеріп отырған бірден-бір адам – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Стратегиялық жоспардың 10 жылы артта қалды. Енді 20 жылы бар. Мемлекет басшысына өз жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек.

Егеменді мемлекетіміздің қалыптасуына Елбасының сіңірген еңбегі орасан зор екеніне ешкім талас тудырмайды. Биыл тәуелсіздік алғанымызға он тоғыз жыл. Тарих үшін қас қағым сәт. Бірақ осы жылдар ішінде мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында елдің экономикалық жағдайы түзелді, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Барлық салада үлкен өзгерістер байқалады.

  Арыстан Жүніс,  “Мәмбетов и К” ЖШС бригадирі:
 – Бүгінгі таңда елімізде агроөнеркәсіп кешені қарқынды даму үстінде. Осы заманға сай технологияларды енгізу мен саланы техникалық жарақтандырудың арқасында біз жоғары өнім алып келеміз. Бұның барлығы Елбасымыздың ауыл шаруашылығына көрсетіп отырған қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Біз ауыл еңбеккерлері референдумның өткізілуін қолдаймыз!

  Мақсат Құдратуллаев, кардиологиялық орталықтың  кардиохирург-дәрігері:
– Біз медицина саласының қызметкерлері қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанымыздың одан әрі дами түсуі үшін, еліміздің жарқын да мамыражай болашағы үшін Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту референдумына қатысып, Елбасына қолдау көрсетуге шақырамыз.

Референдум өткізуді қолдауға шақырған сөздер форумда көптеп айтылды. Ардагерлер, әскерилер, ұлттық мәдени орталық өкілдері, спортшылар , студенттер – барлығының тілегі бір. Ел халқы бұл саяси қадамнан ұтпаса, ұтылмайды дейді жиналғандар. Жарқын болашаққа көреген, дана басшымен бірге қадам басуымыз қажет. Солтүстік жұртының пікірі осы.

 Жасұлан Құдабаев, еңбек ардагері:
 – Елбасының жетекшілігімен он тоғыз жылда үлкен істер атқарылды. Кешегі ОБСЕ-ге төрағалық еліміздің беделін көтерді.

 Темурлан Нысанбаев, жастар мәслихатының депутаты:
 – Қазақстанда бүгінде саяси тұрақтылық бар. Он тоғыз жылда биік асуларды бағындырды. Бұның барлығы Елбасының арқасы. Біз солтүстікқазақстандық жастар Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдаймыз.

  Ұлан Бәшенов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
 –  Қазақстанның экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Бұл үрдісті тоқтатпауымыз қажет.

Айымгүл Әбілева