ТКШ

Тұрғын үй жәрдемақысы өсе түсті

 

 

 

Петропавл қалалық тұрғын үй көмегі бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, зейнет  демалысына  шыққан жалғыз басты қариялар мен мүгедектерге коммуналдық төлемге жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеу қарастырылған болатын. Биыл қамқорлыққа 3 846 отбасы алынды. Бұл мақсатқа қала қазынасынан 48 млн. теңге бөлініпті.

  Мереке Мұхамедияров, Петропавл қалалық әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі бөлім бастығының орынбасары:
 –  Тұрғын үй көмегін алушылардың жалпы санының қомақты бөлігін, яғни 72 пайызын зейнеткерлер мен мүгедектер құрайды. 8 пайызы жұмыссыздар отбасы, қалған 20 пайызы жұмыс істеушілер мен студенттер отбасы.

Үкімет тарапынан жасалатын атаулы көмектің өз нормалары бар. Жалғыз басты адамның баспанасының 30 шаршы метріне жұмсалатын шығынды өтеу қарастырылған. Отбасында екі немесе үш адам болса, бұл көрсеткіш артады. Газдың, жұмсалған электр қуатына төленген ақыны өтеудің де   мемлекет белгілеген мөлшері бар.

  Мереке Мұхамедияров, Петропавл қалалық әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі бөлім бастығының орынбасары:
 – Газ бойынша бір кісіге бір айда плиталық газға 4,8 кг. төлей аламыз, Ал газ баллонға 8,2 кг. төлейміз. Электр энергиясына да төленеді. 1 бөлмеліге 100 КВТ, 2 бөлмеге 120 КВТ, үш бөлмеліге 150 КВТ.

Келесі жылы көрсетілетін жеңілдіктердің тізімі ұлғаймақ. Ескіріп тозығы жеткен шатырларды да қалалық қазынадан жөнге келтіру жоспарланған.

Мереке Мұхамедияров, Петропавл қалалық әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі бөлім бастығының орынбасары:
–  2011 жылы аталған бағдарлама бойынша қаражатты 68 млн. теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған. Енді тек коммуналдық қызмет шығындарының орнын толтыру үшін ғана емес, тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Бұндай бағдарламаның мүмкіндігін айлық табысы күнкөріс мөлшерінің төменгі шегін құрайтын азаматтар пайдалана алады. Ол үшін азаматтар қалалық әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі бөлімге барып өтініш жасауы керек.

Жеңіс Ермұқанов