Мәдениет

Жерлестеріміз халықаралық байқауда жеңіске жетті

 

 

 

Білім мен өнер  тоғысқан осы оқу ордасына кірген беттен сан түрлі аспаптың әуелеген үнін естисің. Бұл жолы фортепианоның дыбысы бәрінен басым түсіп тұр. Себебі аспапта жақында ғана астаналық өнерсүйер қауым мен әділқазыларды тамсантып келген Екатерина Задорожная ойнап отыр. Оның 2 айлық үздіксіз дайындығы бекер болмай шықты. Катя 2008 жылғы дәл осы конкурстағы жеңісін қайталап, 1-орынды иеленді.
 

Екатерина Задорожная,  дарынды балаларға арналған музыкалық-эстетикалық бейіндегі мектеп-интернат оқушысы:
 –  Байқауға қандай да жүлде алу үшін барған жоқпын. Сахнаға шыққанда мен өзімді де, өзгені де ұмытып, тек музыканың құшағына енемін.
Сонда ғана әдемі әуен шығады. Өз орындауыма көңілім толды.

Ал 15 жасар Табриз Илдырымұлы халықаралық дәрежедегі шеберлердің сынына алғаш рет түсіпті. Алайда талантты бала қатал сыншылардың алдында тосылмай, өз шеберлігін көрсете алған көрінеді. Нәтижесі – 3 дәрежедегі диплом.

Табриз Илдырымұлы, дарынды балаларға арналған музыкалық-эстетикалық бейіндегі мектеп-интернат оқушысы:
 – 3-ші орын мен үшін үлкен дәреже. Өзіме деген сенімім артты. Менің қолыма скрипканы алып, 10 жыл бойы соны үйренуіме әкемнің көп септігі тиді. Әрине, ұстаздарыма  алғысым да шексіз.

Байқауға әлемнің бес елінен келген 10 мен 16 жас аралығындағы 143 дарынды бала жиналыпты. Осы оқу ордасынан бағын сынауға 6 үміткер барған екен. Сабина Сулейменова мен Ева Сбоева өз номинацияларында топ жара алмағанмен, келешектерінен көп үміт күттіретін оқушылар екен.

  Елена Вчерашняя,  дарынды балаларға арналған музыкалық-эстетикалық бейіндегі мектеп-интернат оқытушысы:
 –  Біз барлық шәкірттерімізді мақтан тұтамыз. Мұнда өте дарынды пианистер, скрипкашылар оқиды және білікті, білімді мамандар тәрбие береді. Сәйкесінше, жеңістеріміз де көп.

Кәусар Аяпбергенқызы