“Қызылжар” турнирі

Спорт

15:56 14 Желтоксан 2010

 Жарысқа Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан елдері мен еліміздің Астана, Павлодар, Қостанай қалаларының спортшылары келген. Барлығы мықты, халықаралық дәрежедегі сындарда өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлері. Сонысынан-ақ сайыс басталмай тұрып тартыстың қызу болары белгілі болды. Алғаш болып рингке көтерілген Астана мен Қостанай  кикбоксшылары  соны  айқын көрсетті.   Елордалық Сергей Трифонов қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. 4 жыл бойы кикбокспен айналысатын жігіт талай рет жеңістің дәмін татқан.

 Сергей Трифонов, сайысқа қатысушы, Астана қаласы:
 – Жекпе-жектер ешқашан оңай болмайды. Бұл жеңіс үшін де көп күш пен дайындық қажет болды. Қарсыласым өте мықты екенін дәлелдеді. Енді алдағы кездесулер де менің пайдама шешіледі деп ойлаймын.

Турнирге 11 салмақ дәрежесі бойынша жастары 18-ден асқан азаматтар келген. Екі күндік додада олар қазіргі дәрежелерін дәлелдеп, одан әрі өсіре алады. Демек  бұл жарыстан соң кикбокстан спорт шеберлерінің қатары молаяды.

 Александр Вакарев, сайыстың бас төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Осындай жарыстарға біз көршілес елдерді барынша жиі тартуға тырысамыз. Себебі олардың деңгейлері жоғары. Ал өз спортшыларымызды жақсы дайындау үшін біз әрдайым мықты қарсыластармен күш сынасуымыз керек.

Білекті де білікті кикбоксшылар екі күндік турнир қорытындысы бойынша анықталады.

Кәусар Аяпбергенқызы