Мәдениет

Қуыршақтар көрмесі

 

 

 

 

 

Петропавл қаласындағы қуыршақ театры алғашқы маусымын осыдан 20 жыл бұрын ашқан болатын. Содан бері өнер ошағы облыс бүлдіршіндеріне  қуаныш пен шаттық сыйлап келеді. Бейнелеу өнері мұражайындағы көрме театрдың осындай айтулы мерейтойына орайластырылған. Енді мұражай қонақтары залдан әдеттегі картиналарды емес, ертегі әлемінің  кейіпкерлерін көретін болады. Көрмені тамашалауға келген кішкентай қонақтар  өздеріне таныс қуыршақтарды кездестіріп, олар туралы ертегінің мазмұнын естеріне алды.

  Дарья Убыкина:
Мен етік киген мысық туралы спектакльді көрген болатынмын. Өте қызық ертегі. Онда ақылды мысық дәуді айламен тышқанға айналдырып, жеп қояды. Осылайша оны жеңеді.

Театр әртістері бүлдіршіндерге қуыршақтарды қолдану техникасы жайлы әңгімеледі. Бұл жерде жасөспірімдер бутафор цехы қызметкерлерінің, суретшілердің еңбектерін көрді. Кейін балалар назарына театрдың шығармашылық табыстарына арналған фотокөрме ұсынылды. Бүгінгі таңда қуыршақ театрының ұжымында 15 әртіс бар. Олардың  дені жастар. Өнер ошағы көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың  лауреаты  

  Айгүл Қасенова, облыстық қуыршақ театрының әртісі:
– Біз таяуда ғана Ақтөбе қаласында болып қайттық.
“Ассағамалейкум” фестиваліне қатыстық. Онда біз өзімізге көп тәжірибе жинадық. Басқа театр ұжымдарының жұмыс тәсілдерімен таныстық.
 Наталья Пульникова, облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы:
– Бүгінгі таңда қуыршақ театры республика көлемінде белгілі өнер ошақтарының бірі. Онда біздің жергілікті өнер колледжінің түлектері еңбек етуде.  Жақында оларға облыс әкімінің атынан автобус берілді. Енді өнер ұжымы гастрольдерге еркін шыға береді.

Кішкентайларға ғана емес,  ересектерге де қызықты  көрменің есігі жаңа жылға дейін ашық. Ал қуыршақ театры мереке қарсаңында көрермендеріне жаңа спектаклін ұсынбақ. Қойылым “Аяз атаның аса таяғы” деп аталады.

Гүлден Сәрсенбаева