Жастар форумы

Балалар

15:49 9 Желтоксан 2010

 

 Өңіріміздің парасат-пайымы терең, білімді, жігерлі де қайратты, елжанды жастарының басы қосылған форум еліміздің Әнұранымен ашылды. Ел болашағы- жастардың қолында. Бүгінде өскелең ұрпаққа зор жауапкершілік жүктелген. Осы сынды сөздер көптеп айтылған жастар мәжілісіне аға буын өкілдері де қатысты. Облыс әкімі Серік Біләлов жастар атқарған  жұмыстарға оң бағасын беріп, жаңа бастауларына қолдау танытты.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  жастар саясатына үлкен мән береді.
Қазақстанның болашағы жастардың қолында деп айтқан болатын. Еліміздің белсенді жастары қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық салаларын дамытуға өз үлестерін қосуда. Осы форум Отанымыздың гүлденуі жолындағы жұмыстарға жаңа серпін береді деген сенімдемін.

Форум барысында “Қазақстан  – құрылыс жасақтарының Отаны” кітабының тұсауы кесілді.

  Әсет Бақаев, ҚР “Құрылыс жасақтарының одағы” ҚБ президенті:
Серік Сұлтанғазыұлы Біләловтің қолдауымен студенттік еңбек жасақтары жайында тұңғыш кітап жарыққа шықты. Жастарға берер тәрбиелік мәні зор туындыда үлгі тұтар еңбеккор ағалар жайында ақпарат жиналған. Олар бұл қозғалысты жарты ғасырдан астам уақыт бұрын бастаған.

Бұл қозғалыс өңірімізде бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Биылдың өзінде жазғы демалыстарында маусымдық жұмыспен 3,5 мыңға жуық студент қамтылыпты. Бұл мақсатта облыс қазынасынан 10 млн. теңгеге жуық қаражат құйылған. Арман Қабдошев жаңа кітапта басылған еңбеккор ағаларының игі бастамасын іліп әкеткен өңіріміздегі “Жасыл ел” еңбек жасақтарының үздік сарбазы атанды.

  Арман Қабдошев,  “Жасыл ел” еңбек жасағының сарбазы:
Мен еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын. Гүлдендіру жұмысы келесі жылы да жалғасын табады. Осыған орай барлық жастарды “Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі” атты эстафеталық марафонға шақырамыз.

“Дипломмен – ауылға!” жобасы жүзеге асқаннан бері елді мекендерге 611 жас маман тартылыпты. Оның 267-сі еңбек жолдарын осы жылы бастаған.

 Сәуле Хардыбай, жас маман:
 –  Тарихи отаныма оралып, жоғары білімді мамандық алдым. Қазір Қызылжар ауданында “Дипломмен -ауылға” атты бағдарлама бойынша қызмет атқарамын. Сонымен қатар Елбасымыздың “Нұрлы көш” бағдарламасынан баспаналы болу бақытына ие болдым.

Сондай-ақ салтанатты шара барысында түрлі салада табысты еңбек етіп, өңіріміздің экономикасы мен саяси, мәдени өмірінің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген жас мамандарға облыс әкімінің құрмет грамоталар табыс етілді.

 Әсем Аяпбергенова, Қызылжар ауданының “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі:
– Ұстаздар мен жастарға үлкен мүмкіндік жасалып отыр.
Бізге жаңа “Парасат” мектеп-лицейін салып берді. Түгел ақпараттандырылған құралдармен жабдықталған. Осындай жаңа мектепте тек қана жақсы жұмыс істеуге болады. Болашақ жастарды тәрбиелеу жолында әлі де жақсы жетістіктерге жетеміз деген үміттемін.

Еңбегі тиісінше бағаланған жас қызметкерлердің арасында үздік оқуымен танылған болашақ офицер Нұрсұлтан Төлеген де бар.

  Нұрсұлтан Төлеген, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
 –  Әскери институттың үздік курсанты атанғаныма қуаныштымын. Әскери оқу мен жауынгерлік қызметті ұштастыра отырып, өзімнің білімімді дәлелдедім. Алдағы уақытта да өзімді ҚР абыройлы азаматы және мықты офицер ретінде көрсетуге сенім білдіремін.

Инновациялық озық жобалар байқауының үш аталымында ұшқыр ойларымен бөліскен 10 студент те салтанатты шара барысында марапатсыз қалмады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 Ішкі саясат басқармасы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ және жас ғалымдарымызға ынталы, дарынды жастарды біріктіретін орталық ашуды тапсырамын. Бұл жоба 2011 жылдың қаңтар айының соңына дейін еңгізілуі керек. Сондай-ақ белсенді жастарды өңіріміздің қоғамдықсаяси өміріне тарту мақсатында келесі жылдан жастар газеті басылатын болады және үш тілде ғаламторда сайт құрамыз.

Салтанатты жиын облысымыздың үздік өнер ұжымдары әзірлеген ән-думан кешіне ұласты.

Жеңіс Ермұқанов

Бұдан әрі оқыңыз

Стартапшылардың байқауы өтті
«Мен әлемді естимін» атты ашық есік күні өтті
“Нан үйі” атты суретшілер байқауы өтті
NewLife орталығының ерекшелігі
“Nur Otan” мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қызықты шара ұйымдастырды