Қайрат Байбосыновтың концерті

Мәдениет

16:28 8 Желтоксан 2010

 

Солтүстік Қазақстан  топырағында аталып жатқан айтулы тойға орай Петропавлда барлық өнер сүйер қауымды дүрліктірген концерт өтті. Қазақ даласын дәстүрлі ән бұлағымен сусындатып жүрген Қайрат Байбосынов өзінің 60 жасқа толуын халық сазгері, әнші Үкілі Ыбырайдың мерейтойымен сабақтастырып, солтүстікқазақстандықтарға сазды кеш сыйлады.

 Қайрат Байбосынов, ҚР халық әртісі:
 – Осы жерге келуіме Үкілі Ыбырайдың 150 жылдық торқалы тойы себеп болды.
Қызылжарда оның мерейтойына орай ескерткіш орнатылыпты. Бұл үлкен жаңалық. Қазақ дәстүріне деген елдің бет бұрысы. Осындай той болғаннан кейін осы творчестволық кешімді өткізуге шақырған болатын.

Қайрат ағаны бүкіл қазақ баласы таниды. Өнер тарланының есімі әсіресе “Қыз Жібек” фильмінен кейін жалпақ жұртқа тарап кеткен болатын. Әсіресе  “Гәкку” әні ерекше табысты шықты. Қайрат Байбосынов  –  Үкілі Ыбыраймен қатар Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Әсет, Ес­тай  негізін салған Арқадағы әншілік дәс­түр­дің өкілі. Салтанатты кеште асқақ әнші осы адуын өнерпаздардың бір-бір әнін домбыраға салып шырқап берді. Кеште Қайрат аға “Жиырма бес”, “Дүние-ай”, “Қызыл асық” әндерін құйқылжыта орындап, тыңдармандарын бір қарық етті. Сахнаға Қапаш Құлышева, Серік Оспанов, Қайырлы Ғафуров сияқты белгілі әншілер де шықты. Ән-шашу аяқталысымен облыс әкімі Серік Біләлов кештің сәнін келтірген барлық әншілерге ізгі тілектерін жолдап,  Қайрат Байбосыновтың иығына шапан жапты. Қонақтар думанды концерттен үлкен әсер алып тарқасты.

Көрермендер:

-Үкілі Ыбырайдың өзі болмаса да, көзіндей қазақтың ұлы әншісін көру үлкен бақыт. Қасиетті Қызылжар төріне дарын иелері жиі келе берсін.
– Елімізде әншілердің ішінде Қайраттың алдына түсетін ешкім жоқ. Қайрат ең күшті әнші. Әсіресе Ыбырайдың әндерін жақсы орындайды. Оның әндері жастарға тәрбие.
 – Қайратты мен қазақ дегенннің барлығы тануы тиіс деп ойлаймын. Өйткені сол Ақан, Біржандар ол осы Қайраттар. Олар жас ұрпақты тәрбиелеп, әндерін жалғастырып келеді.

Гүлден Сәрсенбаева