Құқық қорғау органдары

Заңсыз аңшылық

Өткен аптада орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық инспекциясының қызметкерлері мен тәртіп сақшылары бірлесіп, Қызылжар ауданының аумағында рейд жүргізді.  Пеньково селосынан сегіз шақырым жерде  қорықшылар атылған мылтықтың даусын естіп, із кесті. Ағаш арасын тексеру барысында олар сібір елігін бауыздап жатқан екі ер адамның үстінен түсті. Браконьерлерден тіркелмеген екі аңшы мылтығы, 17 оқ пен пышақ тәркіленді. Ұсталғандар Петропавл қаласының 25 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Оқиға орнына Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тергеу тобы шақыртылды. Сезіктілердің айтуларынша, олар қаладан аңшылық жасау үшін жаяу жеткен. Елікті жәукемдегендердің қолдарында ең алдымен аңшылыққа рұқсат беретін ешқандай құжаттары жоқ. Қаруларды да қайдан алғандарын анықтау қажет. Күдіктелер аңшы мылтықтарын өткен жылы орманнан тауып алғандарын айтады. Сонымен  ұсталғандар заңсыз қару сақтағандары үшін де жазаға тартылатын болады. Әзірге күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Жыл басынан солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары заңсыз аңшылыққа қатысты 18 қылмыстық іс бойынша құжаттар жинады.

 

 

Әсем Сембина