Мәдениет

Үкілі Ыбырайға ескерткіш қойылды

 

Аудан орталығы Саумалкөлден жүз шақырымдай жерде 64 үй түтін түтетіп отырған шағын ғана ауыл бар. Бұл Үкілі Ыбырай ауылы. Жүз елу жыл бұрын осы жерде қазақ даласын әнімен тербеткен халық сазгері, әнші әрі ақын Ыбырай Сандыбайұлы дүниеге келген. Х

 

алық музыкасының ірі өкілдерінің бірі кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып кетті. Үкілі Ыбырайдың “Гәкку”, “Қарақат көз”, “Шалқыма” туындыларын бүгінде туған халқы сүйіп орындайды.
Ақынның мерейтойына орай елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұл ретте Үкілі Ыбырайдың жерлестері көш басында. Ақынның туған ауылында оның бюсті орнатылды.  Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Біләлов қатысты. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі екі метр. Бюст мектептің аумағына қойылыпты. Бұл да тегін емес. Тұрғындар кейінгі ұрпақ өз тарихын білуі керек дейді. Ауылда Үкілі Ыбырай ескерткішінің ашылуы жерлестері үшін көптен күткен айтулы оқиға.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Кейінгі ұрпаққа өз даналарын, дараларын, ерлері мен батырларын білу және оларды ұлағаттау парыз. Бұл бюст – атақты тұлғалардың есімін құрметтеудің белгісі, және мәдени өміріміздің елеулі оқиғасы болып табылады. Еліміз тәуелсіздік алып, Елбасының қажымас қайраты, болашаққа ұмтылған мемлекеттік саясатының арқасында біз үлкен жетістіктерге ие болудамыз. Тәуелсіз ел атануымыздың арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз түгенделуде. Міне бүгінгі шара соның айғағы.

Үкілі Ыбырай ауылы тұрғындарының қуанышына ортақтасуға қазақстандық белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері мен халық әртістері келді. Облыс әкімі мектепке компьютер жиынын сыйлады. Бұдан кейін өңір басшысы  Үкілі Ыбырайдың ұрпағы Елемес апайдың үйінде қонақта болды.

Айымгүл Әбілева