Құқық қорғау органдары

Жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер

 

 

 

 

Жыл басынан облыс жолдарында жүру ережелерін бұзған 60 мыңға жуық көлік жүргізушісіне 375 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың тек 70 пайызы ғана айыптарын уақытында өтепті, өзгелері айыппұлды төлеуден қашқақтап жүр.

  Болат Жексенбинов, СҚО ІІД ЖПБ бөлім бастығы:
 – Қазан айынан егер де жүргізушіге салынған айыппұл өтелмесе, онда оның көлігі техникалық бақылаудан өте алмайды. Енді бір жаңалық борышын уақытында бермегендерді 3 тәулікке дейін қамауға алуға құқығымыз бар. Тіпті темір тұлпарын тәркілеп, айып тұрағына қоюға құқылымыз.

Айыппұлды енді осы айдан терминал немесе интернет арқылы төлеуге болады. Ол үшін ғаламторда арнайы бет құрылыпты. Электрондық порталдағы бар ақпарат бірден автоматты түрде орталық базаға түседі. Баспасөз мәслихатында журналистерге жол ережелеріне енгізілген тағы бір жаңалық айтылды.

 Бекен Тайгилов,  СҚО ІІД ЖПБ бөлімінің бас маманы:
 – Елімізде қазан айынан көлікке жасанды ксенонды фарларды тағып жүруге тыйым салынады. Рұқсатсыз гологендік жарықты пайдаланған жүргізушіге ҚР Әкімшілік кодексінің 461- бабының 6- тармағына сәйкес 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Сапасы төмен жасанды ксенонды жарық қарсы бағыттағы жүргізушілердің көру қабілетін айырып, жолда қатынаушыларға қауіп төндіреді екен. Бұның бәрі жол қауіпсіздігін сақтап, рөлдегі адамдарды тәртіпке шақырудың қамы.

  Ақпан Дөкетбаев, СҚО ІІД ЖПБ бастығы:
 – 2010 жылдың  11 айында облыс аумағында 284 жол көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 65 адам қаза тапса, 347 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Өткен жылмен салыстырғанда жол апаттары мен жарақат алушылар әлдеқайда төмен болғанымен, қайтыс болғандардың саны облыс бойынша 41 пайызға, ал Петропавл қаласында екі есеге өскендігі байқалып отыр.

Соңғы 11 айда 3 267 адам рөлге мас күйінде отырып, жүргізу куәліктерінен айырылды.

 Жеңіс Ермұқанов