Билік

ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті

 

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитіне 38 мемлекеттің Президенттері мен Үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық және діни ұйымдардың өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Елордаға БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун мен ОБСЕ -нің бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо келді.Еуропадағы мәртебелі ұйымның Саммиті бұрынғы посткеңестік кеңістік аумағында тұңғыш рет өткізілуде. Ол 11 жылдық үзілістен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылды. Сондықтан көптеген сарапшылар саммит басталғанша бұл шара ұйымның жаңа даңғыл жолға түсуіне ықпал етеді деген пікірлер айтқан болатын. Бұл орайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бүгінде Қазақстан алдында бір міндет тұр – бұл ұйымды дағдарыстан шығару деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ұйымды жаңарту процесі – ЕҚЫҰ-ға қатысушылардың барлығының ортақ ісі. Осыған орай барлық қатысушы елдерді ЕҚЫҰ-дағы белсенділіктерін бәсеңдетпеуге шақырамын. Өйткені демократиялық институттарды, БАҚ тәуелсіздігін дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақталды. Бұл біздің дамуымыздың басты шарттары.  

Сонымен қатар мемлекет басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына құрылымдық өзгерістер керек деп есептейді. Бірінші кезекте бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бүгінгі таңда қазіргі заманғы қауіп-қатерге жауап беруге дайын еместігіне байланысты.  Нұрсұлтан Назарбаев 21 ғасырдағы қауіпсіздік жүйесінде экономикалық прагматизмнің алға шығатынын атап көрсетіп, экономикалық  қауіпсіздікті нығайтуды басым бағыт ретінде айқындады. Бұл ретте Қазақстан Президенті   жаҺандық экономика жаңа әлемдік резервтік валютаны қажет етеді деді. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті осы ұйымның келешегін айқындап береді деп күтілуде. Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінде туындаған  саяси, экономикалық, экологиялық, құқықтық мәселелерге жаңа баға беретіні анық.

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Саммитке ұсынылып отырған Астана декларациясы мен іс жоспарының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табады деп сенемін.Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен үлес болар еді.Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда.Біздің саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін.

Айымгүл Әбілева