Білім

Кітап қоры тұрақты толығуда

 

 

 

 

 

Балалар кітапханасында кез-келген жеткіншек іздегенін таба алады. Қорында 200 мыңнан астам ақпарат көзі бар. Оның 195 мыңға жуығы түрлі саладағы әдебиеттер. Жыл сайын кітап қоры толығып тұрады. Биылдың өзінде 1 млн. 270 мың теңгенің 3 мыңнан астам таңдамалы туындылар жинағы келіпті. Соңғы жеткізілген легі елордалық “Аударма” баспасынан шыққан құнды материалдар.

  Күлизат Шахатова, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұлттық әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы:
 – «Кемеңгер» кітабында Елбасы Назарбаев туралы әлем тұлғаларының пікірлері жиналған. Тағы келіп түскен соңғы кітап “Әлем мемлекеттері” анықтамалығы. Әлемнің 200-ден астам елдері жайлы толық мағлұмат берілген.

Өңіріміздің өзге кітапханаларында жоқ “Қазақстанның үздік адамдары” энциклопедиясының екінші басылымын да осы жерде кездестіруге болады. Сондай-ақ “Қазақ әдебиеті” сериясынан, көркем әдебиет, мәдени мұра, тарихи шығармалар, таспаға жазылған қазақ күйлерінің жинақтары да келіп түскен. Бұрындары оқырманға ұсынылмай, енді басылған дастан, жырлар, ғылыми хаттар да бар.

  Күлизат Шахатова, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұлттық әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы:
 –  Шоқанның 175 жылдығына орай тұңғыш рет көптомдық жинақтары жарық көрді. Соның 5 томы біздің кітапханаға келіп түсті. «Нар тұлға» сериясымен шығатын Медеу Сәрсекеевтің кітабы тарихшы Ермұхан Бекмақановтың өміріне арналған.

Ең кішкентай оқырмандардың бөлімі де жаңа танымдық әдебиеттермен толығып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, 14 мыңға жуық оқырманы бар кітапханада рухани азық алам деуші жасөспірімдердің талғамдары толығымен ескерілген. Кітапхана ұжымы ай сайын өз газетін басып тұрады. Алғашқы нөмірі қарашаның бірінде шығыпты. Онда негізінен оқырмандардың шығармалары, жаңа түскен кітаптар, кітапхананың іс- шаралары жайында ақпарат алуға болады.

Жеңіс Ермұқанов