Билік

Облыстық әкімдік отырысы

 

 

 



Өңір басшысы Серік Біләлов алдымен облыс әкімінің кеңесшісі Бибігүл Өтепқалиеваны таныстырып, оған бірқатар тапсырмалар берді.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Алдымен Есіл ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжін жоғары оқу орны деңгейіне көтеру үшін жұмыс істеу керек. Бұл колледждің материалдық базасы өте жақсы. Қазір үш мамандық бойынша Омбылық жоғары оқу орны мамандар даярлауды бастады. Осы бағытта жұмыс атқару керек.

Облыстағы 625 қазандықтың 98 пайызы қысқа дайын.  Биыл “Жол картасы” бойынша 78 бюджеттік мекемеге 2,1 млрд теңге бөлінді. Қажетті отын қоры жасалды. Тек көпқабатты тұрғын үйлер қыркүйектің ортасы болып қалса да қысқа дайындықты  созып отыр. Тұрғын үйлердің 83 пайызы жылу жүйесін шайып, қысыммен тексерген, қалғандарындағы жұмыс қазанның біріне дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал тілдерді дамыту басқармасының мәліметі бойынша Аққайың, Жамбыл, Ғ. Мүсірепов аудандарындағы мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылу аясы әлі де тар екен. Мәселен, Аққайың ауданындағы білім бөлімі үш жыл бұрын   анықталған кемшіліктерді жоюға асықпаған. Аудан әкімі өткізген жиналыстардың хаттамалары орыс тілінде ғана толтырылады. Жамбыл ауданындағы бірнеше ауылдық округтерде, бөлімдерде жиналыстар тек орыс тілінде жүргізіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Ақша бөлу керек, тіл мамандарына арнайы кабинет, компьютер беру керек. Жалақыларын қарау керек.Аудандарда тек Уәлихановта ғана жұмыс істелініп жатыр.

Облыста ақпараттық саясатты жүргізу үшін бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Өңірдегі мемлекеттік саясатты насихаттау, республикалық бағдарламалардың орындалу барысы, ұлт-ұлысаралық татулық мәселесін қолдауға бағытталған ақпарат таратумен негізінен “Муниципалдық телеарна» мен “Қазақстан ” ұлттық арнасының филиалы айналысады. Бұл арналардағы мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көлемі 50 пайыздан артық. Ақпараттық саясатты үйлестірумен айналысушы облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ерлік Жанділдин бұл ретте мекемелерде баспасөз хатшыларын тағайындау немесе журналистермен тікелей байланыста жұмыс істейтін адамдарды белгілеу қажеттігін айтты. Бұдан кейін Тайынша, Мамлют аудандарының әкімдері есептік кездесулер кезінде тұрғындардан түскен арыз-өтініштер бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз етті. Тайынша ауданында  ұсыныстардың 98 пайызы орындалды. Мамлют ауданының әкімі тұрғындар өтініштерінің 91 пайызын қанағаттандырып үлгерген.  Облыс әкімі атқарылған жұмыстар бойынша халықты БАҚ арқылы құлақтандырып отыруды тапсырды.

 Әсем Сембина