Мәдениет

Қарағанды театрының гастролі аяқталды

 

 

 

Қарағандылық өнер ұжымы Петропавлға соңғы рет 2007 жылы келіп, жергілікті көрерменнің көңілін баурап кеткен болатын. Бұл жолы бірнеше тың туындылар дайындап әкеліпті. Қонақ театрдың өнерін сын көзбен бағалаған көрермен «Домалақ ана», «Мәңгү..Мәңгі», балаларға арналған «Жымбала Мико және қасқыр» сияқты қойылымдарды жақсы қабылдады. Соңғы тарту – А.П.Чехов шығармасының негізінде қойылған «Шағала» комедиясы.Сахнада ХІХ ғасырдағы орыс зиялы қауымы.  Комедия деп берілгенмен спектакльде сұлулыққа жаны құштар өнер адамдары жауапсыз махаббаттың мол азабын тартады. Соған орай көрерменнің жүзінде күлкіден гөрі кейіпкерге деген аяушылық басым байқалды. Ақыр соңында жас жазушы басты кейіпкер  Константин Гаврилович өмірден әбден түңіліп, өмірмен қош айтысады. Оқиғаның сәтті аяқталатынын күткен көрермен үшін оқыс жағдай болғанмен, олар тоқ көңілмен тарқасты.

Көрермендер:

-Басында өзім түсінген жоқпын, кейін түсіндім. Жақсы ойнады, өздерін сенімді ұстайды екен.
– Менің жерлестерім, мен қарағандылықпын. Сондықтан ұнады.
 – Өте ұнады. Қарағандылық театрды бірінші рет көрдім, жақсы демалдым.

80 жылдық тарихы бар Қарағанды театры петропавлдық өнер шаңырағы үшін өнерде аға ұжым. Сондықтан сахнагерлер бір-біріне алғыстарын жаудырып, қонақтарды қимас көңілмен шығарып салды.

  Кенжекей Ақжолова, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы:
 – Қарағанды театры 80 жылдық ғұмыры бар үлкен театр. Одан көп белгілі апаларымыз, ағаларымыз шыққан. Сондықтан оларға алғысымыз шексіз. Көрермендерді қуанта берсін, қойылымдары көп болсын.

Қарағандылық труппаның көркемдік жетекшісі, бүгін басты рөлді сомдаған Дунай Еспаев гастрольдік сапардың сәтті аяқталғанын айтады.

  Дунай Еспаев,  Қарағанды облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:
 – С.Мұқанов пен Сәкен театры арасындағы достық көпірі өзінің жемісін беріп жатыр. Мұны театр тілінде алмасу гастролі дейді. Биыл біз келдік, сәуір айында олар келеді.   

Кәусар Аяпбергенқызы