Білім

120 өзге ұлт өкілі қазақ тілінен сертификатқа ие болды

 

 

 

 

Зульфия Халиуллина қаламыздың кәсіптік білім беру мекемелерінде орыс тілінен дәріс беріп жүрген ұстаз. Татар қызы ана тілінен басқа шет тілдерді меңгеріп жүр. Енді міне қазақша да еркін сөйлейтін деңгейге жетіп отыр.

  Зульфия Халиуллина, орыс тілі пәнінің мұғалімі:
 – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік тілді меңгеру әрбір азаматтың парызы. Біз ауызекі қазақ тілінің негізімен таныстық. Сондай-ақ қазақ тілінің әуені кең, сарыны мол екенін сезіндік. Ол үшін мұғалімдерге көп рақмет.

Мемлекеттік тілді үйренгісі келетін кез-келген қалалық осындай тамаша мүмкіндікке ие. Мысалы, Марианна Станилевич сәбиіне тәрбиелік мәні зор қазақ ертегілерін түпнұсқадан оқып беруді армандайды.

 Марианна Станилевич:

– Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан тілді меңгеру парызымыз деп білемін. Осы елмен тағдырым байланысты болғандықтан қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін білуді мақсат еттім.

Сабақтар айына 16 сағаттан екі маусымға созылды. Тыңдаушылар деңгейіне қарай үш топқа іріктелді. Әріп танымайтындар “бастауыш”, мәнін ұқпағанымен оқи алатындары “жалғастырушы”, оны іліп әкеткендері ” тереңдетілген” топта оқыды. Облыс орталығындағы өзге ұлт өкілдерінің тілін елордалық “Ғарасат» оқыту орталығының мамандары сындырды.

 Гүлнар Тайсойғанова, “Ғарасат” оқыту орталығы директорының орынбасары, Астана қаласы:
– Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде тұрмыстық қарым-қатынас тілін меңгеріп алды деп айтамын. Ал екінші деңгейге келген адамдар, іс қағаздарды меңгеріп аламын дегендері, жазып, аударма жасап, іс-қағаздарын жүргізіп жүр деп айтуға болады.

Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасын меңгерген 20 топтың 120 тыңдаушысына білімін растайтын сертификат табыс етілді. Он тәлімгер оқуын үздік деген бағамен аяқтаған.

  Фарида Тұяқова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
 – Мемлекеттік тілді оқыту арқылы өзіміздің қалада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерін, қазақ елін өз жерім деп санап, тілді меңгергісі келген халықты оқыту арқылы туған тіліміздің тұғырын тағы бір биікке шығарғалы отырмыз. Бағдарламаның негізгі мақсаты да осы.

Қазақ тілін тегін оқытатын курстың жұмысы жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.

Жеңіс Ермұқанов