Қоныс тойы

Билік

15:11 26 Қараша 2010

 

 

Юбилейный жаңа шағын ауданындағы тағы бір ипотекалық баспана өз иелерін тапты. Бұл жолғы қоныстанушылардың басым көпшілігі медицина саласының қызметкерлері. Облыс орталығындағы онкологиялық диспансер, балалар ауруханасы, 3-ші  қалалық және облыстық аурухананың дәрігер, медбикелерін айтулы оқиғамен облыс әкімі құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты баспанамен қамтамасыз етуге, тұрғын үйдің қолжетімділігіне және оның сапасына көп көңіл бөледі. Қазіргі таңда облыста 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының аймақтық бағдарламасы іске асуда.

Құрылысы 2008 жылы басталған тұрғын үйді “Казградстрой НС” ЖШС жүргізген. Баспана иелері оның әр шаршы метрін ипотека арқылы 56 мың 515 теңгеге сатып алды. Жаңа аудандағы 60 пәтердің бірі 20 жылға жуық еңбек өтілі бар Жұлдыз Байзақоваға бұйырыпты.

 Жұлдыз Байзақова, 3-шіқалалық аурухананың дәрігер- стамотологы:
-Бұл күнді мен 15 жыл, қалаға келгелі күттім.
Мемлекеттің осындай ерекше қамқорлығы қуантады. Дағдарыс жылдары осындай жақсы үй салынды. Нұрсұлтан Назарбаевқа , облыс басшылығына ризамын. Медицина саласының жағдайы жақсарып жатыр, жалақымыз да өсуде. Жас мамандарға осындай көңіл бөлінгені дұрыс.

Жеке баспанасына оң аяғымен аттап кірген дәрігер Гүлмира Құсманова алдымен асүйді байқады. Өздері жалға алып тұрған пәтердегідей емес, кең әрі жарық.

 
Гүлмира Құсманова, облыстық психоневрологиялық диспансердің дәрігер-психиатры:
Екі жыл бойына күткен едік бұл пәтерді. Оған дейін баспананы жалға алып келдік. Бірақ үмітіміз болды. Енді міне, Елбасының саясатының арқасында жеке пәтерімізге ие болдық.
 
 Жалпы өңірде жыл басынан 45 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Желтоқсан айында тағы 60 мың шаршы метрі өз иесін таппақ.

Гүлмира Шоқтыбаева