Балалар

Мектеп-интернаттағы қысқы бақ

 

 

 

 

“Ризашылық” қамқорлық мерекесі  – дәстүрлі шара. Бұл күні ересектер кішкентайларға мейірім төгіп, қуаныш сыйлауы керек. Той салтанатты концертпен ашылады. Мереке иелерін қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтап, жеткіншектерге сыйлықтар тапсырды.  Балалар әсем баққа көрік берген өсімдіктер мен танымал ақын-жазушылардың кітаптарын қуана қабылдады. Әдебиеттер  арасында “Шыңғыс хан”,  Абайдың  «Қарасөздері», Пушкин ертегілері мен батыс қаламгерлерінің  туындылары бар.  

 

Виталий Курочкин,  жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар интернатының тәрбиеленушісі:
-Сыйлыққа берілген кітаптардан “Шерлок Холмс хаттары” маған қатты ұнады. Жалпы әдебиет арқылы біз жаман мен жақсыны айырамыз. Мен әсіресе Сара Назарбаеваның “Өзін- өзі тану” оқулығын жақсы көремін. Ол еңбектен өзіме көптеген пайдалы ақпараттар алдым.

Мектеп-интернатта 9 отбасы бар. Оларда 150-ден астам бала тәлім алуда. Меймандар осы отбасылардың әрбіреуіне жекелей сыйлық дайындапты. Тұрақты демеушілер  отбасылардың  жиһаздарын жаңасына ауыстырып, бірқатарына компьютерлер әперген. Концерттен кейін балалар мен қонақтар қысқы баққа көтерілді. Онда хризантема, каланхой, фикус сияқты 20-дан астам өсімдік түрі қойылған. Тіпті тропиктік пальма ағашы да бар. Жасөспірімдер жапырақтары жайылған әр гүлмен танысып, оларды дұрыс күтудің қыр-сырын тыңдады.
Осындай үлкен  сыйға ие болған балалар  қонақтарға алғыс ретінде өз қолдарымен жасаған гүлдерін тарту етті.

Гүлден Сәрсенбаева