Билік

“Нұр Отандағы ” қабылдау



 

 Қоғамдық қабылдауға бұл жолы сегіз жерлесіміз жазылыпты. Олардың арқалап келген арыздары сан түрлі. Анатолий Гордин “Дружба” гараждар кооперативін басқарады. Оның иелігіндегі 5 гектар жерде 1 200 гараж орналасқан. Кооператив белгісіз себептермен осыдан төрт ай бұрын жарықтан ажаратылып тасталған. Энергетиктер келісім-шарттың жоқтығынан осындай әрекетке бардық деген. Бірақ арызданушы 2001 жылы жасалған келісім бар дейді. Қазір жаңасын жасап жатыр. Талай табалдырықты тоздырғанымен мәселе шешілер емес. Енді ол облыс әкімінен көмек сұрап келіпті. Өңір басшысы Анатолий Гординнің қолында бар құжаттарды қарап, орынбасары Самат Ескендіровке мәселенің анық-қанығына жетіп, бір жақты етуді тапсырды.  Надежда Назарова “Радуга” ПИК төрайымы. Ол   252 пәтерлі үй тұрғындарының мұңын арқалап келген. Тоғыз қабатты баспанадағы температура қыс кезінде +5 +7 градустан көтерілген емес. Пәтерлер суық, тұрғындардың осылай қиындық көргеніне  он жыл болған. Тұрғындардың  көбі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, мүгедектер, бала- шаға. Облыс әкімі қала басшысына жағдайды сараптап, мәселені тез арада шешуді тапсырды. Төлеген Алдабергеновтың екі баласы Қарағандыдағы медицина университетінде білім алып жатыр. Екі баласының оқуы жылына 780 мың теңге болады. Отағасы бұл шығынның отбасы бюджетіне ауыр тиетінін айтады. Сондықтан баласына облыс әкімінің гранты берілсе дейді.  Облыс әкімінің қабылдауында болған азаматтардың арыздары түбегейлі тексеріліп, анықталатын болады. Серік Біләлов олардың орындалуы қатаң бақыланатынын айтты.

 Дана Ғизатова