ТЖ

Көршілерін ажалдан арашалаған полицей



Бұл оқиға қарашаның 13-не қараған түні болған.  Сағат түнгі үш шамасында мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Әрсен Рүстемов көрші үй жақтан лаулап жатқан жалынды байқап қалған. Далаға жүгіріп шыққан ол бірден батыл шешім жасайды. Тез арада үй иелерін оятып, бір жасқа келіп қалған нәресте мен 11 жастағы тағы екі баланы жалынның ортасынан алып шығады.

  Әрсен Рүстемов, Шал ақын АІІБ МКҚБ полицейі:
-Түнгі екіде далаға шықсам, көршінің үйі күйіп жатыр. Жүгіріп барып терезені тарсылдатсам, ешкім ашпады. Сосын аяқпен есікті теуіп аштым. Балаларды алып шықтым.

Адамдардың бәрі сыртқа шыққан соң полиция сержанты үй иесінің ұлымен жалын шарпыған үйден бағалы заттар мен газ баллонын қауіпсіз жерге шығарыпты. Тәртіп сақшысының жедел іс-әрекеті мен батылдығының арқасында бүтін бір отбасы ажалдан аман қалды.

  Ольга Новикова:
 –  Бізді ажал аузынан аман алып қалған Әрсенге айтар алғысымыз шексіз. Ол болмағанда үйімізбен бірге өртеніп кетер едік.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйдің жартысын өрттен аман алып қалып, оның шығу себебін анықтауда. Ал Әрсен Рүстемов  қазір  қолына сайман алып, көршілерінің үйі мен мүлкін қалпына келтіруге көмектесіп жатыр.

Кәусар Аяпбергенқызы