Жол картасы

Петропавлдың № 8 мектебіндегі күрделі жөндеу

 

 

 

 
Білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмыстары маусымның 4-інде басталды. Ауқымды жұмысқа үш серіктестіктен елуден астам адам тартылған. Жұмысшылар алдымен 25 жыл жөндеу көрмеген акт залын жаңартуға кірісіпті. Қалпына келтіру жұмысына  мемлекеттен 7 млн. 400 мың теңге бөлінді.

Светлана Ероменко,  № 8 эстетикалық тәрбие  мектеп-кешені директорының орынбасары:
– Қазіргі таңда акт залындағы шаруаның 90 пайызы орындалды. Есіктерді орнату мен еденді жабу ғана қалды. Мұндағы жұмыстар тамыздың 20 -ына дейін аяқталады деп ойлаймын.

Қыркүйектің бірінде мектеп  жанынан жүз балғынға шақталған шағын орталық ашылмақ. Бүгінге дейін ата-аналардан 86 өтініш түсіпті. Жаңа тәрбие ошағында  13 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазір бірінші қабаттың оң қанатында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы шаруаға 12 млн. астам теңге көзделген.

  Александр Дыбенко,  “Петро Building” ЖШС прорабы:
– Біз жылыту желілері, су құбырлары, линолеумдар мен терезелерді ауыстырып, сырлау және ақтау жұмыстарын жасадық. Сондай-ақ, 5 бөлмеге жылы едендер төседік.

Биыл “Жол картасы” бойынша төрт блоктың бірінде 9 млн. 300 мың теңгеге шатыр жөнделіп жатыр. Төбе тақтайлармен жабылып,   қаңылтырмен қапталуда. Қазір бұл нысандағы жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Жоспар бойынша барлық жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтау көзделіп отыр.  
 

Жасын Біркенов