ТЖ

Облыста көліктердің өртенуі жиіледі

 

 

 

Мамандар жыл өткен сайын көлік өртінің өсіп келетінін айтады. Мәселен, үстіміздегі жылдың он айында облыста 69 көлік отқа оранған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға көп. Материалдық шығын 44 млн. теңгеден асып жығылады. Биыл бір гаражда тұрған бес бірдей көлік жанып кеткен. Мамандардың айтуынша, өрттің басым бөлігі сымдардың қысқа тұйықталуынан шығады екен. Сонымен қатар жүргізушілердің өз көліктеріне салдыр-салақ қарауынан да осындай жағдай орын алады.

  Ербол Қуанышев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:
– Жақында осындай ұқыпсыздықтан көлік жанып кетті. Автомобильдің алдыңғы жағын – радиатордың тұсын картонмен бекіткен. Көлікті тұтатқан кезде ол радиаторға тиіп, нәтижесінде өрт шыққан.

Абырой болғанда, биыл зардап шеккендер жоқ. Өткен жылы көлікте шыққан өрт кезінде 4 адам көз жұмған. Оның біреуі кішкентай бала. Бұндай қайғылы жағдайға душар болмау үшін  өрт сөндірушілер жүргізушілерге барынша абай болып, қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажеттігін ескертеді.

  Ербол Қуанышев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:
 -Жыл сайын көлікті техникалық қараудан өткізгенде электр сымдарын жіті тексеру қажет. Сондай-ақ көліктегі өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау керек. Ең алдымен машинаны отты сөндіруге арналған құралдармен жабдықтау керек. Әсіресе, бұл ережелерді қауіпті жүк артқан көлік иелерінің бұзбағаны жөн.

Яғни  қарапайым сақтық шаралары қайғылы жағдайдың алдын алатынын естен шығармаған абзал.
 

Айымгүл Әбілева