Білім

«Аққан жұлдыз»



 

 Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, әрі саяхатшы-географ Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арналған ашық сабақ  «Ақылы мен өмірі ұрпағына арналады» деп аталды. Мұның алдында оқу ошағында қазақ әдебиеті мен тарих пәндерінен Шоқан туралы сабақтар өткен болатын.

Рахия Аманжолова,  № 42 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Біз сабақтарда оқушыларға қоғам қайраткерлері туралы жиі айтып тұрамыз. Бүгін жастар өздері дайындаған жұмыстарын оқиды. Олар реферат, баяндама жазып келген болатын.

Ашық сабақта оқушылар демократтық, ағартушылық мәдениеттің өкілі жайлы баяндама жұмыстарын оқыды.   Зерттеушілікпен айналысқан жасөспірімдердің бірі Шоқанның тарихи, этнографиялық қызметі жайлы жазса, екіншілері оның философиялық, әдеби мұрасын сөз етті.

  Назгүл Смағұлова, №42 орта мектептің оқушысы:
– Мен бүгінгі ашық сабақтан көп мәліметтер алдым. Болашақта маған мұның пайдасы тиеді деп ойлаймын.

Оқушылардың шағын зерттеу жұмыстары тыңдалып болған соң, сөз кезегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының этнография бөлімінің қызметкерлеріне берілді. Олар «Аққан жұлдыз» тақырыбында сабақ өткізіп, Шоқан жайлы табылған  соңғы деректермен таныстырды.

  Ғалия Балтабаева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Біз соңғы кезде Шоқан Уәлиханов туралы көптеген тарихи және мұрағаттық ақпараттарды жинаған болатынбыз. Енді жастарды оның шығармашылық жолымен кеңірек таныстырудамыз.

Этнограф мамандар осындай ашық сабақтарды барлық қалалық орта білім ошақтарында өткізуді жоспарлап отыр.
Ал ойшыл жайлы тереңірек білгісі келетіндер үшін облыстық мұражайда арнайы көрме жұмыс істейді. Келемін деушілерге есік қарашаның соңына дейін ашық.

Гүлден Сәрсенбаева