Денсаулық сақтау

9 айда денсаулыққа 7 млрд теңге жұмсалды

 

 

 

Үстіміздегі жылдың 9 айында дәрігер мен аурухананы еркін таңдау құқығын 482 солтүстікқазақстандық емделуші пайдаланды. Оның ішінде 5 адам тұрғылықты жері Ақмола облысына жақын орналасқандықтан  Көкшетаудың емханаларын таңдаған. Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығында  – 16, Алматы және Астана қалаларында орналасқан республикалық емханаларда түрлі дерттерге шалдыққан 36 жерлесіміз  денсаулықтарын жақсартты.

  Дауренбек Бейсембаев, Медициналық қызмет ақысын төлеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Тағы да бір айта кететін жәйт, облыстың емдеу мекемелерінің көмегіне шетелдік 11 азамат және еліміздің өзге аймақтарынан 107 қазақстандық жүгінді. Бұл азаматтарға ем бергеніміз үшін біздің мекемелерге республикалық бюджеттен 6 млн. 200 мың теңгеден астам қаржы бөлінді.

Медициналық қызмет ақысын төлеу комитетінің облыстағы департаменті Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша стационарлық көмек көрсету мақсатында 31 емдеу ұйымымен 6 млрд. 166 млн. теңгенің әріптестік келісіміне тұрған. Жалпы аталмыш реформаны жүзеге асыруға биыл 7 млрд. 114 млн. теңге қаржы құйылған. Бұл өткен жылғы бөлінген сомадан 15 пайызға артық.

  Дауренбек Бейсембаев, Медициналық қызмет ақысын төлеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Тамыз айында қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау саласына тағы да қосымша қаражат бөлінді. Науқас адамдарды ұзақ емнен кейін сауықтыруға 82 млн. теңге, қатерлі ісік ауруына шалдыққандарға дәрі-дәрмек алуға 127 млн теңге бөлінді.

Дәуренбек Бейсембаевтың айтуынша, жоғары сапалы кепілді  тегін медициналық көмек көрсету үшін Кардиологиялық орталық пен облыстық балалар ауруханасына қосымша қаражат бөлінді.  

Жеңіс Ермұқанов