Құқық қорғау органдары

Петропавлда телефон алаяқтары пайда болды

 

 

 

 

Таңертең менің әріптесімнің ұялы телефонына бейтаныс нөмірден ««Самсунг Х-200» үй кинотеатрының иесі болдыңыз» деген мазмұнда хат келді. «БИПЭК АВТО» компаниясының 8 777 317 75 86 нөмірінен анықтама алуға болады делініпті. Алғашында бұл жаңалық қызды қатты қуантып, ол бірден көрсетілген нөмірге телефон шалған екен, тұтқаның ар жағынан «Сіз біздің акцияның 10-шы қатысушысысыз» деген дауыс естілді. Соңғы үлгідегі үй кинотеатрына және кейін автомобильге ие болу үшін  алдымен «Билайн» ұялы байланысының 5 телефон карточкасын алу керек екен. Әрбіреуінің құны бір мың теңге карточкалардың номерлерін оқып беру талабы қойылды. Алаяқ сөзінің шын екенін дәлелдей түсу үшін салық төлеушінің жеке номерін қоса сұрады. Осыны орындасаңыз, «30 минуттан кейін жеңімпаз атануға мүмкіндік туып тұр» деді. Осы сәттен бастап, қыздың ойында бір күмән пайда болып, акцияны тексеру қажет деп ұйғарды. Карточкаларды сатып алмай тұрып, қалалық телефон нөмірінен компанияның Петропавлдағы филиалына хабарласты. Осы мәселе бойынша хабарласқан жалғыз біздің құрбымыз ғана емес, басқа да азаматтар бар екені анықталды. Сыйлықты қалай және қайдан алып кету керек деген сауалмен ай сайын 10-20 қала тұрғыны қоңырау шалады екен.

  Виталий Серб,   «БИПЭК АВТО»  ЖШС  Петропавл филиалының директоры:
–  Біз ешқандай акция өткізбейміз. Егер өткізер болсақ,  БАҚ-та хабарлаймыз.

Санақ мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын телефон алаяқтарынан зардап шеккендердің шығыны 25 миллиард доллар шамасында. Соңғы бес жылда бұл ең көп тараған қылмыстардың бірі. Сондықтан да біздің әріптесіміздің жолы болды. Ол интернеттен мәлімет алып та үлгерді. Сөйтсе, “Самсунг Х-200” маркілі үй кинотеатры жоқ болып шықты, және ондай техниканы  өндірушілер әлі шығармапты да. “Самсунг Х-200” деген телефонның маркасы екен.
Полицейлер азаматтардан мұндай шағымдардың жиі түсіп тұратынын айтады. Көбіне  хаттар нақты иелері бір кездері жоғалтқан нөмірлерден келеді.

  Спартак Қабденов, СҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы:
– Алаяқтардың алдауына ермей, біріншіден акция өткізіліп жатыр ма, жоқ па соны білу керек. Компанияға хабарласу қажет. Полицияға хабарласу қажет.

Телефон алаяқтарына тап болғанда не істеу керектігін қала тұрғындары жақсы біледі.

 

Тұрғындар:
– Полицияға хабарлаймыз.Аз шығындансақ, қоя саламыз. Келесіде алданбауға тырысамыз.
 – Маған менің құжаттарымды таптым деп айтқан. Ақша беріп жіберуімді сұрады. Мен келсем, онда ешкім жоқ. Тәртіп сақшыларына хабарласу керек.
 – Компанияға телефон соғу керек. Содан кейін полицияға хабарласқан дұрыс.

Бір сөзбен айтқанда, алданып қалмау үшін сақ болу керек. Тегін олжаның болмайтынын есте сақтаған жөн.

Айдана Серғазықызы