Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер үшін салық ставкасы өзгертілді

 

 

 

 

 

Салық салу ставкасын өзгерту туралы шешімді қалалық және облыстық мәслихат депутаттары қабылдаған. Бұл өзгертулер сыртқы жарнама орналастыру мен қоршаған ортаға келтірілетін зиян үшін төленетін салыққа қатысты. Сондай-ақ жер телімдерін аймаққа бөлу коэффициенті өзгертілді. Соңғысын халық қалаулылары бұған дейін бірнеше мәрте талқылап, енді ғана коэффициентті өсіру керек деген байламға келді.Осыған байланысты жер салығы да көтеріліп отыр.

  Жібек Клюкова,  салық департаментінің маманы:
 –  Қалалық мәслихат шешімімен   Петропавл қаласы бойынша  жер салығының ставкасы 50 пайыз жоғарылады. Бұрын жер салығы зонаға байланысты кейбір жерлерде 20 пайыз, кейбір зонаға 50 пайыз қолданылатын.

Сыртқы жарнама орналастыруға төлейтін салық ставкасы да екі есе ұлғайтылды. Ал оның мөлшері жарнама қалқандары мен баннерлерінің көлеміне байланысты есептелмек.
Депутаттардың назарынан жанар-жағар май сатумен айналысатындардың қызметі де тыс қалған жоқ. Бұған қатысты салық мөлшері екі есеге жуық өскен.

  Жібек Клюкова,  салық департаментінің маманы:
– Этилденбеген бензин үшін – ставка 0,66, бұрын – 0,35 болатын. Дизель отыны үшін ставка – 0,9,  бұрын – 0,55  болатын.

Жаңа өзгертулермен салық төлеушілер департаменттің сайтынан таныса алады. Бұнда қажетті ақпараттың барлығы жарияланады дейді мамандар.

Айымгүл Әбілева