Мәдениет

Шоқан туралы әдеби кеш

  



 

 “Шоқан – қазақтың жарық жұлдызы”.  Зиялы қауым өкілдері мен кейінгі толқынның басын қосқан әдеби кеш осылай аталыпты. Шын мәнісінде, халқымыздың біртуар ұлы Шоқан Уәлиханов қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып кетті. Аққан жұлдыздай өте шы­қ­қан Шоқанның ғылымда өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ халқы үшін оның ағартушылығы мен эт­но­графтығы,  халық ауыз әдебиеті туындыларын  жи­на­ған еңбегі тағы бір төбе. Ал ғалымның Қашқарға саяхаты  шығыстануға қосқан зор үлес болды. 

 Ожан Қали,  жазушы, журналист:
 -Саяхатқа барып келгеннен кейін Шоқан Уәлихановтың есімі бүкіл елге жария болды. Қашқарияға байланысты ол күнделік жазды. Ол күнделігі тірі кезінде шықпаған. Тек  мақалалары ғана шыққан. Өзі қайтыс болғаннан кейін 1870 жылдары Семенов Тянь-Шаньскийдің араласуының арқасында Қашқар күнделігі шықты. Бұл оның тұңғыш кітабы.

Жиында Шо­қан­ның ғылыми мұралары мен өмі­рінің зерттелуі жайын­да келелі әңгімелер қозғалды. Кейінгі жыл­­дары шоқантану ісінің кенжелеп қал­ғанын бүгінде ел тарихшылары айтып отыр. Оның мол мұрасын зерттеп, зерделеу әлі де жет­кі­ліксіз деген пікірде ғалымдар. Өткен ғасырдан бері ғалымның өмірі мен мұраларына қатысты тың дерек, пікір жоқтың қасы.  Кездесуде сөз алғандардың әрбірі Шоқан Уәлихановтыңғылымға қосқан өлшеусіз еңбегі төңірегінде ой толғады. Оны кейінгі буынға жеткізу жағы да айтылды.

  Зылиха Бимақанова,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және философия кафедрасының аға оқытушысы:
 -Студенттер өздері құлшыныс жасап, көптеген мәліметтерді өздері жиыстырып алып келіп өткіземіз. Сабақта Шоқан Уәлихановтың барлық еңбектерін қолданамыз.

Биылғы жыл бүкіл жұртшылық үшін ұлы ғалым, этнограф, ағар­тушы Шоқан Уәлихановтың туға­нына 175 жыл толуымен ерекше есте қалады.Қазақ­тың біртуар перзентінің қысқа ғұмыры мен дарқан талантын әр ­қы­рынан ашуға мүмкіндік беретін тағлымды шаралар бүкіл ел ау­мағында өткізілмек.

 Айымгүл Әбілева