Білім

Жас дизайнерлер байқауы

 

 

 

 



 Байқауға қатысқан оқушылар мен технология пәнінің мұғалімдеріне көйлек дайындау туралы тапсырма берілді. Шығармашылық сайыста пайдаланылатын материалдарға шектеу қойылған жоқ. Ең бастысы – туындылар күзбен байланысты болуы шарт. Негізгі жұмыстармен қатар сайыскерлер байқауға 5 эскиз дайындап әкеліпті. Қосымша тапсырма сайыскерлердің өнері тең бағаланған жағдайда есепке алынады.

  Елена Сафинова, қазылар алқасының мүшесі:
-Біз бұл байқау арқылы мектеп тәрбиеленушілерінің ішкі әлемін ашып, біліктіліктерін шыңдаймыз. Еңбек сабақтарында ол үшін уақыт жеткіліксіз.

Асанов орта мектебінің оқушысы Меруерт Сейілбекова мен технология пәнінің оқытушысы Валентина Трипус облыстық байқауға алғаш рет қатысып отыр. Бірлескен жұмыстары   қазылар назарына ұсынылуға дайын.

 Валентина Трипус, Қызылжар ауданындағы Асанов орта мектебінің технология пәнінің оқытушысы:
 -Біздің мектепте сән театры бар. Бұл костюмді сонда әзірледік. Көйлегіміз Ресей журналында басылды.

Сайысқа негізінен болашағын дизайнерлікпен байланыстырғысы келетін қыздар жиналған. Үшінші сынып оқушысы Зарина Ахметова қайталанбас  бұйымдар жасауға әуес. Бұны жас шебердің қолынан шыққан ерекше стильдегі көйлектен де көруге болады. Бұл жолы Заринаның бағы жанды. Сайыс қорытындысы бойынша көркемөнер лицейлері  тәрбиеленушілерінің арасында Зарина Ахметова үздік атанды.

  Зарина Ахметова, көркемөнер  лицейінің оқушысы:
Менің жұмысым “Күз” деп аталады. Ол табиғи материалдардан құрастырылған. Меніңше, туындым күз сияқты ашық түстерге толы.

Жалпыға бірдей білім беру мектептерінің арасында 1-ші орынды үш сайыскер өзара бөлісті. № 2 мектеп -интернатының оқушысы Екатерина Шестак , жетім және ата -ана қамқорынсыз қалған балалар  облыстық интернатының тәрбиеленушісі Елена Соколова мен № 1 гимназияның жас шебері Фариза Бүркітбаеваның еңбектері бірдей жоғары бағаланды.
 

Жеңіс Ермұқанов