Әр түрлі

68 жылдан кейін жеткен хабар

 

 

 

 

 

Хабарды Ресейдің “Долина” іздестіру экспедициясы жіберген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Новгород жерінде қаза тапқан жауынгерлерді іздеп, қайта жерлеумен айналысатын топ белгісіз жауынгерлердің сүйектерін тауып алған. Олардың арасында біздің жерлесіміздің медальоны мен хаты да бар болып шықты. Онда аты-жөні Иван Степанович Толмачев деп  
толық жазылған екен.

  Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
 – 1909 жылы туған. Туған жері Солтүстік Қазақстан облысы  Булаев ауданының Медвежка ауылы. Соғысқа 1941 жылы  26-шы шілдеде шақырылған. Медальонда жақын туысы ретінде қызы Ефросинья Степановна Толмачева көрсетілген.

Хатта мәліметтер тайға таңба басқандай жазылғанымен, әзірге туыстарын табуға септігі тимей отыр. Иосиф Марцинкевич Булаев ауданының әскери комиссариатына, мекенжайлар бөліміне сұрау жіберген. Алайда нәтиже жоқ.

  Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
 – Өкінішке қарай соңғы 5 жылда табылған СҚО жауынгерлерінің туыстары әлі анықталмай отыр. Бізге жылына майданға аттанып хабарсыз кеткен жерлестерімізді Ресейдегі ұрыс далаларынан таптық деген 2-3 хат келіп тұрады. Жауынгерлердің туыстарын таба алмасақ та олар туралы мәлімет “Естелік” кітабына енеді. Кейін жақындары тым болмағанда жерленген жерін біле алатын болады.

Енді 5 томдық естелік кітабындағы ҰОС жылдары хабар- ошарсыз кеткен өңір майдангерлерінің саны 16 554 болды. Толмачевтар әулетіне араға 68 жыл салып, атасының сүйегін туған жер құшағына тапсыру мүмкіндігі бар. Жерлес сарбаздың туған-туыстары табылмаған жағдайда сүйегімен бірге медальоны, хаты Новгород облысындағы Ясная Поляна бауырластар зиратына жерленеді.
 

 

Жеңіс Ермұқанов