Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары

 

 

 

 

 

Қазақстан мен Германия елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бірлесіп жұмыс жасауда. Оған облыста биылдан жүзеге асырыла бастаған үш жоба дәлел бола алады. “Экономика саласы қызметкерлері мен менеджерлердің біліктілігін арттыру” бағдарламасы жеке істерін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерге халықаралық әріптестік пен менеджмент тақырыбында заман ағымына қарай білім беруге бағытталған.

Светлана Громова,  СҚО бойынша біліктілікті арттыру бағдарламасын үйлестіруші:
– Біліктілікті арттыру курстарына кез- келген кәсіпкер қатысып, білгеніне білім қоса алады. Тек жастары 50-ден аспаған жоғары білімді маман болуы шарт. Оқу тегін. Әрине кәсіпкерлерге алтындай қымбат уақыттарын бөлу керек. Бірақ тәжірибе жинақтайды.

Бизнесмендер қалауынша 30 күннен 6 айға дейінгі курстарды таңдауға құқылы. Ұтымды жобаларымен танылғандары Германияның алдыңғы қатарлы өндіріс орындарында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ өңіріміздің кез-келген кәсіпкері еуропалық сарапшыларды шақырта алатын болды. Кірістің көзін тапқан шетелдіктер жергілікті кәсіпкерлерді іскерлікке үйретеді.  
 

Яна Тихомирова,  Қазақстан, Ресей, Украина елдеріндегі SES жобаларының жетекшісі:
– BAS-Programme  – Еуропалық банктің бастамасы. Кәсіби кеңесшілердің жобаларын жүзеге асырудағы шығындардың 50 пайызын қаржы институты шақырушы жаққа қайтарып береді. Ал екінші бағдарлама  –  “аға сарапшылар қызметі”. Бұл жоба бойынша Германия мамандарының қызметтері мен кеңестері тегін.

Сайран Хамзин біліктілігін Германияда арттырып, бизнесіне шетелден кеңесші де шақырып үлгерген солтүстікқазақстандық үш кәсіпкердің бірі.

Сайран Хамзин,  “Риэлт-сервис” компаниялар тобының директоры:
 – Біз 20-дан астам герман компаниясының жұмысымен танысып, түрлі танымдық семинарларға қатыстық. Сапарымнан мол әсер алдым. Бірнеше келісімге тұрдық. Көп кешікпей,  бірлескен жобаларымыз іске асатынына сенімдімін.

Бұл екі жаққа да тиімді. Бағдарлама бойынша еуропалық бизнес үлгісімен танысқан іскер қазақстандықтар әріптестік қатынас орнатып,  20 млн еуроның келісіміне тұрған.

Жеңіс Ермұқанов