Әр түрлі

Бақытжанға көмек керек!

 

 

 

 

 

 

10 жасар Бақытжан Нығметтің қатерлі дерттің уысына түскеніне биыл сегізінші жыл. 2 жасында дәрігерлер баланың көкбауыры үлкейіп кеткенін байқап, ата-анасының келісімімен оны алып тастаған. Бірақ мұнымен олар ауруды тек қоздырып жіберген. Себебі бар гәп көкбауырда емес, ағзада жетіспеген бір ферментте болған екен.

Бауыржан Елембаев, Бақытжанның әкесі:
– Ол аурумен біздің дәрігерлер бұрын кездеспеген, ештеңе істей алмады. Бұл аурудың пайда болғанын көкбауырды гистологияға Алматыға жібергенде ғана білді.

Ұлдарын қалайда аурудан арашалап алу үшін Елембаевтар Есіл ауданындағы  Өрнек ауылынан қалаға көшіп келіпті. Алайда облыстық аурухана дәрігерлері ағзаны қалыпта ұстап тұрудан басқа еш шара қолдана алмаған. Кейін анықталғанындай,  Бақытжан өте сирек кездесетін “Гоше” деп аталатын ауруға шалдыққан. Оны тек Германия мен Израиль елдерінде ғана емдеу мүмкіндігі бар. Бірақ мұндай қымбат емді қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді. Биыл баланың өмірін сақтап қалудың тағы бір амалы табылды. Наурыз айынан бастап қалалық әкімдік Бақытжанға “Церезим” деп аталатын германиялық дәрі әпере бастаған.

Бауыржан Елембаев, Бақытжанның әкесі:
Қаражат жағынан біздің жағдайымыз келер емес. Негізінде дәрі өте қымбат, ал емделу қайта арзанырақ. Бір флаконның өзі 1700 евро тұрады. Март айынан бастап аптасына 1 рет алады, 1 алғанда 5 флаконнан алады.

Толық емдеп шығармаса да қымбат препарат ағзаны күшейтуге септігін тигізеді. Соның арқасында Бақытжан Нығмет қазір тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған интернаттың 3 сыныбында оқып жүр. Сабақта үлгерімі жақсы. Ал оның ата-анасы болса , әлі де ұлдарын толық емдеп шығаратын мүмкіндік туар деген сенімдерін жоғалтқан емес.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы