Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тыңайтқыш заводының құрылысы басталды

 

 

 

 

 

 Еліміздің ешбір өңірінде бұндай кәсіпорын жоқ. Сөйтіп  солтүстік өңір агроөнеркәсіп кешеніндегі заманауи технологияға алғашқы болып қадам басып отыр.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 –Бүгін біздің облыста үлкен оқиға. “Биоплант Флора” тыңайтқыштарын өндіретін зауыт құрылысының  фундаментін қалағалы тұрмыз. Бұл зауыт болашақта еліміздің экономикасына зор үлес қосады деген сенімдемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін индустриалды дамыту үшін қойған міндеттердің бірі – ол диверсификациялау болатын. Жаңа зауыт – соның айғағы.

Жаңа зауыт – қазіргі заманғы өндірісті құру мен нанотехнологияларды енгізудегі жеке капитал инвестициясының айқын айғағы. Аталған жобаның инвесторлары – “АКS agro” қазақстандық компаниясы мен “Goldhein investments limited” ресейлік фирмасы. Жобаны жүзеге асыруға 8 млрд. теңге қаржы құйылып отыр. Кәсіпорын “Биоплант Флора” органикалық-минералдық тыңайтқышын өндіреді. Бұндай тыңайтқышты пайдалану егін түсімін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Зауыт жылына 12 мың тонна өнім өндірмек. Ал болашақта бұл көрсеткішті 60 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде.
Агроөнеркәсіп кешеніне нанотехнологияларды енгізу қажет екенін “АКS agro” компаниясының президенті де атап өтті. Асқар Күлібаев жаңа жобаны іске асыруда ресейлік әріптестердің тәжірибесі көмек болғанын айтады.

  Асқар Күлібаев, “AKS agro LTD” компаниясының президенті:  
Бұндай зауыт Ресейде Подольскіде бар. Зауыт шығаратын тыңайтқыштың нәтижесінде бидайдың да, көкөністің де өнімділігі жоғары болады екен. Сондықтан біз оған қызығып қарадық. Солтүстікті таңдадық. Жері құнарлы.

 
Жаңа зауыт бой көтеретін аумақта таңертеңнен бері жұмыс қызу жүріп жатыр. Енді міне  дәстүр бойынша кәсіпорын құрылысы басталуының нышаны ретінде іргетасқа капсула қаланды.  Жаңа зауыт Қызылжар ауданы Петерфельд ауылының шетінде салынбақ. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Жаңа өндіріске қажет электр қуаты, коммуникациялар, темір жол сияқты инфрақұрылымның бәрі бұл жерде бар. 
Өндіріс ошағының іске қосылуымен жаңа жұмыс орындары   ашылып, бұл жерде 400-ге жуық адам еңбек ететін болады. Ең алдымен, Кондратовка және Петерфельд ауылдарының тұрғындарына жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік тумақ. Жаңа істің бастамасы жақсы, ендеше нәтижесі де көңілден шығуы тиіс дейді жиналғандар. Ал зауыт құрылысының алғашқы кезеңін 2011 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Айымгүл Әбілева