Білім

Анатолий Спицын – СҚМУ-дың Құрметті профессоры

 

 

 

Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Анатолий Спицын Солтүстік Қазақстанда көп жылдар еңбек етті. “Сондықтан бұл өңір маған айырықша ыстық” дейді экономика ғылымдарының докторы. Ресейлік ғалым ешқашан Қазақстандағы әріптестерімен, достарымен қарым-қатынасын үзген емес.

  Анатолий Спицын, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымдарының докторы:
-Мен Қазақстанда жиырма бес жыл еңбек еттім. Оның ішінде он тоғыз жылды Петропавл қаласында өткізсем, алты жыл Арқалық қаласында жұмыс істедім.Қазіргі күні Ресей елінде қызмет етіп жатқаныммен, еш уақытта Қазақстандағы әріптестеріммен байланысымды үзген емеспін. Ғылым саласында қарым-қатынас жасап келеміз.

Ғалым СҚМУ-нің қалыптасуына да үлесін қосты. Біздің өңірде жұмыс жасаған жылдары ол жоғары оқу орнының төртінші корпусының бой көтеруіне тікелей ықпал еткен. Мәскеулік профессордың тағылымы мол дәрісін тыңдауға экономика факультетінің оқытушылары мен студенттері жиналыпты. Анатолий Спицын соңғы жылдардағы әлемдiк экономикадағы үрдiстер мен оның ТМД елдерiнiң, соның iшiнде Қазақстанның экономикасына әсерi төңiрегiнде әңгiме қозғады. Экономика ғылымдарының докторы Қазақстанның бүгінгі дамуын жоғары бағалап, еліміздің бағыт-бағдарының дұрыс екендігін атап өтті. Әрине, бұның барлығы ел Президентінің сарабдал саясаты мен көрегендігінің нәтижесі деді ғалым. Кездесу соңында ғылымның дамуына үлес қосып келе жатқан  Анатолиий Спицынге М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің құрметті профессоры атағы берілді. Өз кезегінде профессор білім ордасының ұжымына бірнеше кітабын тарту етті. Экономика ғылымынан мол мағлұмат беретін бұл зерттеулер осы мамандықта оқып жатқан студенттер үшін құнды болмақ.
 

 

Айымгүл Әбілева