Құқық қорғау органдары

Пираттыққа қарсы күрес

 

 

Бұл шараға Ішкі істер департаментінің барлық жедел қызметтері, әділет органының күштері жұмылдырылған. «Контрафакт» жедел алдын алу шарасы аясында
облыс орталығы мен 13 ауданда дыбыс және бейне өнімдері сатылатын орындарда кешенді рейдтік шаралар жүргізілуде.

  Қанат Қасенов, СҚО Ішкі істер департаментінің қызметкері:
 –Бұл жұмыс ақпараттық технологиялар саласында жасалатын қылмыстарды анықтауға, алдын алуға және контрафактілік  тауарларды жасап, сататын тұлғаларды анықтауға бағытталған. Операция барысында экстремизмді, лаңкестікті, порнографияны, қатыгездік пен зорлықты насихаттайтын өнімдерді анықтауға баса назар аударылып отыр.

Бұл шаралар өз нәтижесін беруде. Тәртіп сақшылары «Океан» сауда үйінің маңындағы базарда контрафактілік өнімдер сатылатын орынды әшкереледі. DVD дискілерді сатып тұрған 34 жастағы әйел бұл тауар “менікі емес” деп ақталмақшы болған. Оның айтуынша, күнде таңертең бір жігіт оған дискілерді әкеп береді екен. Полицейлер сатушыдан 100-ге жақын пираттық диск тәркіледі. Қазіргі кезде бұл заңсыз тауардың иесін анықтау жұмысы жүргізілуде. Бір қызығы, сатушы бұндай тауарды өткізудің заңсыз екенін өте жақсы білген. Тәркіленген тауар сараптамаға жіберілді. Үш күн  ішінде тәртіп сақшылары облыс бойынша дыбыс және бейне өнімдерді  сатумен айналысатын 11 орынды тексеріп, контрафактілік 1658 дискіні тәркілеген. Бұндай өнімдерді саудаға шығарған 12 адам тіркеуге алынды. Сонымен қатар «Мегалайн» байланыс қызметін заңсыз пайдаланып, 200 мың теңгеден артық шығын келтіру фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

 Айымгүл Әбілева