Погодин театры бұл маусымның шымылдығын ашуға Кен Людвигтің “Примадонны” комедиясын әзірлеген. Спектакльдің қоюшы-режиссері Виктор Шалаев. Қойылымға бас-аяғы сегіз актер қатысады. Сахнада комедияның басты кейіпкерлері – Джек пен Лео. Актерлердің ойыны көрермендердің ешбірін бей-жай қалдырмады. “Примадонналар” жұртшылықты күлкіге қарық қылды. Комедияның басты кейіпкерлері – кедейліктің дәмін татып жүрген жандар – миллионды қолға түсірудің сан түрлі айласын жасап бағады. Тіпті әйелше киінуге де даяр. Қойылымның атауы басты кейіпкер Мэгтің аузынан бір-ақ рет естіледі. Ол бірінші болып, оңай олжа таппақ болған алаяқтарды әшкере етті. Әлбетте, қойылым соңында махаббат жеңді. Ал өнерсүйер қауымға тамаша кеш сыйлаған актерлерге облыс әкімінің атынан гүл себеті сыйға тартылды. Актерлердің ойынына тәнті болған көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Көрермендер:
-Қойылым көңілімізден шықты. Актерлердің ойыны тамаша. Жақсы әсер алдық.
-Сөз жоқ. Тамаша. Актерлер жас болғанымен, өте жақсы ойнап шықты.
– Қойылым ұнады. Сюжеті өте қызықты екен. Алдағы уақытта да осындай спектакльдермен қуанта береді деп ойлаймыз.
Айымгүл Әбілева