Әр түрлі

Қанатты әйелдер Павлодарда бас қосты

 

 Үйдің қазығы, көркі болумен қатар заман талабына сай саясаттағы, бизнестегі нәзік жандардың сүттің бетіндегі қаймақтары Павлодар қаласында республикалық “Қанатты әйел-3” жәрменкесінде бас қосты. Он жыл бұрын бастау алған жәрмеңке осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Біршама уақыт үзіліп қалып, қайта жанданған игі шара пысық азаматшалар  алдында үлкен мүмкіндіктер ашады.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Президентінің жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы:
-Әйелдердің үлесін көрсетейік, бір-бірімен тәжірибе алмассын, республикамыздың әр облысында жақсы ойлар бар, осының бәрін бір-біріне жеткізсін деген оймен осындай үлкен жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз.

Жыл санап қыз-келіншектердің қоғамдағы үлесі мен маңызы артып келеді. Қазірде Қазақстандағы кіші және орта бизнестің 40 пайызын әйелдер басқарады. СҚО 3 мыңнан аса әйел өз кәсіптерін серпінді дамытып, тың идеяларымен танылып жүр.

  Ғалия Балтабаева,  СҚО әкімдігі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
 – СҚО-дан  7 кәсіпкер әйел келіп отыр. Бұл әйелдер өздерінің біліктілігімен,  іскерлігімен облысымызға жақсы танымал. Жәрмеңкеге келу мақсатымыз –  олардың қолынан шыққан өнімдерін республика жұртшылығына кеңінен таныту, әріптестік қатынас орнату.

  Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
-Құрбыларымызды көруге, танысуға, тауарларымызды көрсетуге бұл жәрмеңке бізге пайдалы деп ойлаймын. Бұнда әр облыстан келіп тауарларын, алға басқандарын көрсетіп жатыр.

“Бойко” ЖШС шұжық өімдерінің 80-ге тарта түрін шығарады. Кәсіпорын республика аумағына кеңінен танылып, ел нарығына мықтап бекіген. Жәрмеңкеде ұсынылған өнімдері үлкен сұранысқа ие болды.

 Бақыт Жандағұлова, “Бойко” ЖШС технологы:
– Біздің серіктестігімізде 80 пайыз әйелдер істейді. Түрлі шұжықтар бар,  піскені де, сүрі де. Бүгінгі жәрмеңкеге жаңа шұжықтарды әкеліп отырмыз.

Жәрмеңке әйелдердің қандай да болмасын мамандықты меңгергендігін көрсете алды. Жайылған тауарлар мен ұсынылған қызметтерге шектеу қойылған жоқ.  Көрмеге шығарылған қолөнер бұйымдары өз алдына бір әлем.   Петропавл қаласын шетелдерге танытар белгі де өңір әйелдерінің қолынан шыққан.

 Елена Дмитриева, СҚО қолөнершілер орталығының директоры:
-Онда Абылай ханның бейнесі салынған. Бұл туристік бағытта қаламыздың символы болып табылды. Өткенсіз болашақ жоқ, сондықтан біз көне ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртуда жұмыс жасап жатырмыз.

Өңіріміздің шеберлері құрылыс материалдары , ұлттық киім үлгілері, табиғи заттардан құрастырылған қолөнер бұйымдарымен танылды. Қалалық гендерлік клубтың жас мүшелері де ерте бастан білімді  қыздарды тәрбиелеудегі  өз жобаларымен бөлісті. Солтүстік Қазақтан өңірінен келген делегация тың идеялары мен өнімдері жағынан жұртшылықты тәнті етті. Сондай-ақ жерлестеріміз жәрмеңкенің мәдени бөлімінде де өз ерекшеліктерін көрсете алды. Түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары “Томирис” сән үйінің тәрбиеленушілері ұлтық нақышта безендіріліп, киізден құрастырылған киім үлгілерімен жәрмеңкеге қатысушылардың ықыласына бөленді.  Көрмеге Павлодар қаласының “Бибі-ана” мүгедек әйелдер қоғамы да қатысты. Олар да тағдырдың салғанына мойымай, кәсіпкер әйелдердің қатарын толықтырып, өз өнімдерін ұсынды.

 Толқын Сыздықова, «Бибі-ана» мүгедек әйелдер қоғамының мүшесі, Павлодар қаласы:
-Төрт бұрышқа қарамай, әуестіліктен басталып, кәсіби деңгейге жетті. Мақсатымыз  – қолдан жасалған өнерімізді паш етіп, сұранысқа ие болу.

Орал қаласының тұрғыны Қарлығаш Нығметова  – журналист, психолог, мұғалім, емші. Осыншама мамандық иесінің  тағы бір ерекшелігі –  денесіне темір заттар магниттей жабыса кетеді.  Бұл ерекше мүмкіндіктің түрлі дертке шипа болар емдік қасиеті де бар.

  Қарлығаш Нығметова,  биоэнерготерапевт,  Орал қаласы:
-Емшілік қасиетімді растайтын 14 түрлі құжат бар, арасында ҚР Денсаулық министрлігінің рұқсаты да бар. 17 жыл бойы адамдарға ем қондырып жүрмін.

Сондай-ақ жәрмеңке аясында нәзік жандар семинар- тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Әйелдер отбасының  ұйтқысы болу, бизнесте көш бастау, ана мен бала денсаулығы сынды түрлі әлеуметтік мәселелер төңірегінде әңгімелесіп, білгендерімен бөлісті. “Әл- Фараби” мектеп- лицейінің директоры және Петропавл қалалық гендерлік клубтың жетекшісі Күлімкөз Смайылова “Көшбасшы және харизма, тайм-менеджмент»  тақырыбында дәріс оқып, өз зерттеуін ортаға салды.  Ал дөңгелек үстел аясына жиналған ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері гендерлік саясаттағы атқарылып жатқан игі істерді саралап, алдағы жоспарларына тұсау болып тұрған мәселелерді талқылады. Қоғамдық істерге белсене араласып,  ел тұтқасын ұстауға ұмтылып жүрген нәзік жандардың істеріне баға берді. Әсіресе саясатта әйелдер қауымына әлі де тиісті орын сайланбағаны  әңгіме арқауына айналды.

 Светлана Жалмағамбетова,  ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
– Парламентте 14%,  Мәжіліс пен мәслихаттарда 17%  әйелдер. Ең көп әйлдер өкілі солтүстікқазақстандық мәслихатта. Онда 20% астамын нәзік жандар құрайды. Ал Оңтүстік Қазақстанда  депутат ханымдар жоқтың қасы.

Әйел – саясаткер, әйел – кәсіпкер, білікті басшы, десе де өмірдің сәні де, мәні де нәзік жандар шаңырақтың ұйытқысы – жар, мейірімді ана, ақ жаулықты әже екендіктерін бір сәтке де ұмытқан емес.

Жеңіс Ермұқанов