Үстіміздегі жылғы тамыздың 21-інде Петропавл қалалық ІІБ-ның кезекші бөліміне облыс орталығының тұрғыны Василий Петрович Резниченконың із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Кешкі сағат 11-лер шамасында ұялы телефонына соғылған қоңыраудан кейін үйінен шығып кеткен Василий Резниченкодан сол сәттен бастап, туған-туыстары еш хабар ала алмаған. Бұл іске ІІД жеке құрамы, Петропавл қалалық ІІБ қызметкерлері жұмылдырылды. Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде Василий Резниченконың денесі тек бір ай өткен соң табылды.
Әмір Қасеинов, СҚО ІІД КПБ бастығы:
-Іздестіру шаралары барысында 1985 жылғы қала тұрғынының мүрдесі Қызылжар ауданының Березовка селосынан алыс емес жерде ағаштың арасынан табылды. Жапа шегушінің желкесіне оқ атылған.
Жапа шегуші қайғылы оқиғаға дейін аңшы мылтығын сататыны туралы газетке хабарландыру орналастырыпты. Іздестіру шаралары барысында анықталғанындай, Василий бір апта бойы сатып алушылардың бірімен тілдесіп жүрген. Сондықтан қылмыскерді анықтау үшін ұялы байланыс операторымен бірлескен жұмыстар жүргізілді. Василий Резниченконың ұялы телефонына келіп түскен және одан шыққан қоңыраулар тексеріліп, жоғалған күні таксофоннан бірнеше қоңырау соғылғаны анықталған. Телефон шалушы ИЖ-2712 калибрлі қарудың бағасын сәл түсіруді сұрап, саудаласқан. Дәл сондай қоңыраудан кейін жапа шегуші олармен кездесуге кеткен. Содан қайтып оралмаған. Василий Резниченконы өлтірді деген күдікпен Петропавл қаласының 28 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Полиция қызметкерлері сезіктілерден жапа шегушінің қаруын тауып, факті бойынша ҚР ҚК 96- бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Тәртіп сақшылары сондай-ақ, тіркеуден өтпеген тағы бірнеше мылтықты тәркіледі. Қарудың барлығы “Қауіпсіз қала” жедел алдын алу шарасының барысында табылған.
Сергей Погосский, СҚО ІІД баспасөз орталығының аға инспекторы:
-Жедел шара аясында тіркелмеген 40 қару тәркіленді. Іздеуде жүрген 5 қылмыскер ұсталды. Жол ережесін 1 626 жүргізуші бұзған. Оның 75-і көлікке мас күйінде отырғандар.
Гүлден Сәрсенбаева