ТКШ

Аулалар абаттандырылуда


 

  “Менің көрікті қалам, менің көрікті ауылым” республикалық акциясы аясында Петропавлдағы бірқатар үйлердің ауласы қалпына келтірілуде. Сондай жұмыстардың бірі Мир көшесіндегі 268-ші көпқабатты баспанада жүргізілген. Осыдан алты жыл бұрын әсем аулалы тұрғын үйде кооператив төрағасы болмады деуге қазір сену қиын. Соңғы төрағасы – Виктор Соловьев өз қызметіне шілде айында кірісіпті. Содан бері еңбекқор жанның атқарған жұмыстары бір төбе. Үй ауласын көріктендіруге кіріспес бұрын қысқы дайындық жұмыстары  жүргізілген. Құбырлар  жаңартылып, жылу жүйесі  әзірленген.

  Виктор Соловьев,  «Мир, 268» коммуналдық  шаруашылығының төрағасы:
 -Біз үйді қалпына келтіру үшін қаржы жинадық. Екі айдың ішінде тұрғындар қажет соманы толтырды. Ол ақшаға тот басып қалған құбырлар ауыстырылды. Облыс әкімі де біраз көмек жасады. Ауладағы әткеншектер өңір басшысының көмегімен тұрғызылды. Тұрғындар да тазалау жұмыстарына бір адамдай қатысып, жұмыла көмектесті.

Тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде аула жаңа кейіпке енген. Ескірген ағаштар кесіліп, балаларға арналған ойын алаңы жасалды. Балдырғандар әткеншектерді босатар емес.

  Максим Тетяев:
-Бұрын бір-ақ әткеншек болатын. Ал енді сырғанақ та, құм да бар.

Ауладағы өзгерістердің барлығы баспана иелерінің шығармашылық табысы. Мысалы, түрлі түске боялған қоршау бір кездері жертөледегі ыстық және суық су жүретін құбыр болатын. Коммуналдық  шаруашылық  қызметкерлері әбден тозығы жетіп, тесілген құбырларды   осылайша пайдаға асырған. Жаңартылған алаң қариялардың әңгіме-дүкен құруларына да қолайлы.

  Анна Яковенко:

-Жасалған жұмысқа көңіліміз толып отыр. Барлығы ұнайды.

Батыр Баян көшесіндегі 67-ші  үйдің ауласында да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Қалалық әкімшіліктің тапсырысымен мұнда сенбілік жүргізіліп, аула қоқыстардан тазартылған. Нәтижесі көңіл көншітерлік.

  Анатолий Коваленко,  “СҚО бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМКМ техникалық қолдану бөлімінің бастығы:
-Біз ауланы үлкен қоқыстардан және шіріген ағаштардан тазарттық. Шөптерді жұлдық. Тұрғындар да бір жағынан шығысып жатты.

Қыркүйектің 18-нен бастау алған акция әлі де жалғасын табады.

Гүлден Сәрсенбаева