Білім

Елена Симонова – үздік бағдарлама авторы

 
 

 

 

 

 Елена Симонованың “Лорд” мектеп-лицейіндегі еңбек өтілі 16 жыл. Сайыста жүлдеге ие болған бағдарламаны ол өзінің бастапқы мамандығы химия пәнінен әзірлепті. Ғылыми жұмысын ұстаз тәжірибемен ұштастырып,  7 сыныптарда қолданып та жүр екен. Енді міне, химияны оқытудың үздік тәсілін оның оқушылары ғана емес, Білім министрлігі де мойындады.

  Елена Симонова, дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” мектеп-лицейінің мұғалімі:
Мен өз бағдарламамда химия мен психологияны ұштастырдым. Себебі өзім осы 2 пәннің маманымын. Көп жылғы тәжірибе көрсеткендей, әр баланың өзіндік қызығушылықтары болады. Менің жұмысыма сәйкес олар сабақта өз қабілеттерін қолдана отырып, химияны үйренеді. Бұл тәсілмен оқу әлдеқайда қызық. Жалпы “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған конкурс өте жоғары деңгейде өтті.

Биыл 7-ші  мәрте өткізілген сайысқа өңіріміздің ұстаздары жылда қатысып,  жүлдемен оралып жүр. Ал бұл жолы байқау талаптары қатаңдатылып, не бары 2 жұмыс қана іріктеліп алыныпты. Елдің әр түкпірінен ең таңдаулы мамандар жиналған сында Елена Симонова өз бағыты бойынша 22 сайыскердің ішінде алдыңғы үштікке ілікті. Ал шәкірттері   ұстазының жеңіспен оралатынына күмән келтірмепті.

  Юлия Өтепбергенова, дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” мектеп-лицейінің оқушысы:
Біз бұл курсты 7 сыныпта өттік. Қазір қайталап жатырмыз. Бұл тәсіл бойынша біз химияны тез, әрі оңай меңгердік. Сол үшін Елена Григорьевнаға алғысымыз шексіз.

Елена Симонова өз білім ошағында тәжірибесі мол, шәкірттері мен әріптестеріне қадірлі, жоғары санаттағы ұстаз. Бәзбіреулер мұғалім үшін бұдан артық бақыт жоқ дейтін болар. Бірақ мен бұл жеңіспен шектелмеймін дейді ол. Енді психолог маман химия ғылымына тереңдей бойлап, бағдарламасын әрі қарай жетілдірмекші.
 

Кәусар Аяпбергенқызы