Әр түрлі

Республика көлемінде ауқымды сауалнама жүргізіледі

 

 

 

2006 жылы Қазақстанда бірінші рет балалар мен әйелдердің жағдайын бағалауға арналған мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу жүргізілген еді. Биыл мұндай зерттеу  қазанның 4-нен желтоқсанның 25-не дейін жүргізілмек.
Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайын анықтауға көмектеседі. Біздің облысымызда биыл 1000-ға жуық отбасы зерттелетін болады. Маңызды шара барысында 15-49 жас аралығындағы отбасы мүшелері жеке басына қатысты 150 сұраққа жауап береді. Петропавлда ауқымды жұмысты жүзеге асыруға санақ департаментінің  8 қызметкері тартылған. Командада 6 интервьюші, бір редактор мен бір супервайзер қызмет етеді.

  Ермек Қайыржанова, санақ департаментінің қызметкері:
МИКЗ жобасын жүзеге асыруға Республиканың Статистика Агенттігі жауапты. Осыған қарай біздің облыстың қалалары мен аудандарында іріктеп зерттеу өткізумен айналысатын топ жасақталды.

Зерттеуді дұрыс өткізу үшін таяуда мамандар Шортанды қаласында ұйымдастырылған курстарда халықпен дұрыс сұхбаттасып, ақпарат жинауды үйреніп келген. Халықаралық ЮНИСЕФ ұйымының жаттықтырушыларымен кездескен санақшылар арнайы сертификатқа ие болды.

  Саида Абдулхаимова,  санақ департаментінің қызметкері:
 – Семинарда біз халықаралық стандартқа сай зерттеу жұмыстарын өткізудің әдіс-тәсілдерімен таныстық. Ерлер мен әйелдерге жеке сұрақтар қойылады. Үй шаруашылығы да тексеріледі. Сұрақтар әлеуметтік саланың барлық түрін қамтиды. Кейін Үкімет жауаптарға сәйкес халық өмірін жақсартуға бағытталған шараларды қолға алады.

Кластер барысында жиналған ақпарат құпия түрде сақталатын болады. Тұрғындардың жауаптары тура Астана қаласына ҚР санақ агенттігіне жіберіледі.

Гүлден Сәрсенбаева