Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы министрі Аққайың ауданында

 

 

 

  
 

 Смирнов аулының тұрғындарымен өткен кездесуде Ақылбек Күрішбаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарларын сөз етті. Бұл орайда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына басымдық берілмек. Мемлекеттік бағдарлама ел экономикасын өркендетіп, нығайтуға бағытталып отыр. Жоспарланған 237 серпінді жобаның 56-сы агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылмақ. Олардың бір бөлігі бүгінде іске кірісті. Тайынша ауданындағы “Баско” ет өңдеу кешені солардың қатарында. Ақылбек Күрішбаев бұл жобаның өңір экономикасын дамытудағы маңыздылығын айырықша атап өтті. Елбасының “Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу, Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы – бұл болашақтың бағдарламасы. Ондағы мақсат-міндеттер бүгіннен іске асырылуда. Мемлекет басшысы Үкімет алдына экономиканы әртараптандыру міндетін қойды, –  деді министр. Бұл ретте кәсіпкерлік – басты қозғаушы күшке айналуы тиіс. ” Бизнестің жол картасы -2020″ бағдарламасы осыған орай әзірленді.

Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Ірі бизнес саяси болсын, экономикалық болсын үлкен кедергілерге ұшырамай тұрмайды. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Арзандатылған несиелер бөлініп, мемлекет үстемеақыны субсидиялайды. Және бірінші кезекте экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлік нысандарына баса көңіл бөлінеді.

Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті халықпен тілдесті. Қазір тұрғындарды азық-түлік бағасы толғандырады.  

Сұрақ:

-Астықтың бағасы нан-тоқаш және макарон өнімдерінің бағасына әсер ете ме?

Жауап:

-Біз қазір барлық облыстарда меморандум жасадық. Оған негізінен ауыл шаруашылығы товар өндірушілері қатысты. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ұн үгетін кәсіпорындарға астықты 26500 теңге, немесе 180 доллардан босатады. Ұн үгушілер нан бағасын көтермеуге уәде етті.

Кездесу соңында Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда биыл 13,5 млн. тонна астық жиналғанын жеткізді. Бірінші кезекте ішкі нарық қамтамасыз етіліп, артылғаны экспортқа шығарылады.

Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-2011 жыл қалай болатыны белгісіз. Сондықтан ішкі нарыққа 3,5 млн. тонна астық қажет. Қазірде 1,5 млн. тонна бізде бар.
Тағы екі млн. қосып, ішкі сұранысты жабамыз. Артылғаны экспортқа шығарылады. Елбасы үстіміздегі жылы да дәстүрлі нарықты сақтауды тапсырды. Оны қысқартпауымыз қажет.  

Ауыл шаруашылығы министрі “Зенченко” ЖШС-нің салынып жатқан элеваторына соғып, құрылыс қарқынымен танысты. Бүгінде бұл жерде 25 жұмыс орны құрылған. Шаруа кестеге сай жүргізіліп жатыр. Элеватордың құрылысы 2010 жылдың маусым айында басталған. Сыйымдылығы 30 мың тонна болатын нысан пайдалануға осы жылы берілмек.

 Айымгүл Әбілева