Елена Апарина колледж жатақханасында комендант болып жұмыс істеген. Сондықтан да студенттер оны жақсы біледі. Қарияның ауласында шағын бақша бар. Оны күтіп, баптауға студенттер ерінбей келіп тұрады. Зейнеткер жастардың жұмысына риза.
Елена Апарина, еңбек ардагері:
– Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің ұжымы мен студенттеріне алғысым шексіз. Жыл сайын олардың көмегіне жүгінемін. Ұжым ешқашан бетімнен қағып көрген емес. Қол ұшын беруге дайын. Оқушылар қыс мезгілінде келіп қар күрейді. Бүгін жер қазып жүр.
Студенттер қарттарға қол ұшын беруге әрқашан дайынбыз дейді.
Нұрсұлтан Ғабдуллин, студент:
-Бүгін біз қарияларға көмектесіп жатырмыз. Себебі біз жас болғандықтан, бұл жұмысты істеу бізге оңай. Бұл жақсы іс деп ойлаймын. Болашақта осындай акцияға қатысуға дайынмын.
Жыл сайын колледж ұжымы мен студенттері тарапынан үлкен қолдау көріп отырған қариялардың бірі – 73 жасар Леонид Нестеров.
Леонид Нестеров, педагогикалық еңбек ардагері:
-Жыл сайын үзбей колледж ұжымы студенттерін көмектесуге жібереді. 2 сотық жерді көктемде 1 апта бойы жүріп қазғанмын. Ал жастар болса әп-сәтте барлығын қазып тастады. Маған жұмыс қалдырмады да.
Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі 58 қарияны өз қамқорлығына алған. Акция қазан айында аяқталады. Осы уақыт ішінде оқу орны өздеріне бекітілген қариялардың біреуін де назардан тыс қалдырмаймыз деп отыр.
Айдана Демесінова