Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы министрі Қызылжар ауданында

 

 

 

 

Ауыл шаруашылығы министірі Ақылбек Күрішбаев бастаған топ алдымен үй жиһаздарын шығаратын “Левин” ЖШС жұмысымен танысты. Мемлекеттік шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының аясында серіктестікке арзан несие берілген. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Владимир Левиннің ісі өрге домалап, өнімдері ел нарығында жоғары сұранысқа ие болып тұр. Жергілікті қайың ағашынан жасалатын жиһазға қажетті ағаш  өңдейтін жоғары сапалы станоктарды да өздері құрастырады екен. Келесі кезекте меймандар Бескөл  ауылында “Парасат” мектеп-лицейінде ашылған шағын орталықты аралады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі 3-6 жасқа дейінгі 40 бүлдіршінге шақталған. Оның құрылысына «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млн теңгеден артық қаражат құйылған. Орталық жұмысын жаңа оқу жылынан бастап кетіпті. Бұдан кейін қонақтар “Болашақ” дене шынықтыру -сауықтыру кешеніне соқты. Мұнда 20-ға тарта үйірме жұмыс істейді. Елбасының соңғы жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамытуды жүзеге асыратын  кешеннің жұмысына оң баға берген Ақылбек Күрішбаев өзінің спорттық деңгейін тексеріп көрді. Бескөл ауылының тұрғындарымен кездескен топ  ауыл тұрғындарын егін орағының аяқталуымен құттықтады.

   Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

-Елбасы жолдауында агронеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Алдымен ол азық- түлік қауіпсіздігі үшін қажет. Қазақстан әлем бойынша экспортқа ұн өнімдерін шығаруда алда келеді. Сыртқа бидайды шығарудан 6-шы орында.  Майлы дақылдарды өсіру де 50 пайызға артып отыр.  2015-ші жылға дейін ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтуға жағдайымыз бар. Бұл Президент жүктеген тапсырма .

Ақылбек Күрішбаев мал шаруашылығын дамытудың да маңызды екенін ескертті. Бұл сала ақсап қалмауы керек. Әсіресе асыл тұқымды мал басын көбейту маңызды.
 

   Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

 – Мал шаруашылығын дамыту керек. Қазір республикада 6,5 млн ірі қара мал бар. Алайда санымен қатар сапасын арттыруға көңіл бөлген жөн. Солтүстіктің құнарлы жері астық өсірумен қатар мал шаруашылығын дамытуға жетіп жатыр емес пе. Осыны ескерген жөн.

Кездесу соңында ақпараттық топ бескөлдіктердің сауалдарына жауап берді. Негізінен оларды үкіметтің шаруа қожалықтарын қолдауға бағытталған жоспары қызықтырды.

 Сұрақ:

 -Биыл біршама серіктестіктер аз өнім жинады. Кейбірінде гектар берекелігі 5-6 центнерден асқан жоқ. Бұндай өніммен олар келесі егіс науқанына қалай шықпақ. Ондай шаруашылықтарға қолдау, жеңілдіктер қарастырылған ба?
Жауап:

-Төмен бағамен сатып алып жатқанымыз – ол ішкі нарықты жабу қамында. Бағаны көтерсек, нанның да құны шарықтап кетпей ме. Әрбірінен жинаған астығына байланысты 10-15 пайызы ғана алынады.

Өңіріміздің белсенді жастары да бұл мүмкіндікті пайдаланып сауалдарын қойды.

 Сұрақ:

– “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасына 5 сала енген. Алдағы уақытта мамандықтардың санын арттыру көзделген бе?
Жауап:

-Иә, біз бұл мәселені премьер-министрге айтқан болатынбыз. Оның шеңбері ұлғайтылды. Енді әр селолық округта мал дәрігері жұмыс істейтін болады. Оларға да көтерме ақы, жеңілдіктер қарастырылған.

Жиынды қорытындылаған министр Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруда жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе еңбектену керектігін айтты.

Жеңіс Ермұқанов