Әр түрлі

Жас офицерлердің оқу-әдістемелік жиыны

 

Еліміздің ішкі әскерлері арасында  Әскери институттың рота командирлерінің орынбасарлары үздік атанды. Келесі жылы да республикалық сайыста топ бастау үшін, сондай-ақ курсанттарға сапалы білім беру мақсатында әскери оқу орнының офицерлері сынақтардан өтуде. Алғашқы күні олар сап түзеп,   бұйрықтарды бұлжытпай орындап, әскери құжаттамалардың мазмұны мен толтыруды жақсы білетіндіктерін көрсетті.

 Қайрат Қасқаев, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлім бастығы:
– Өткізіліп жатқан жиынның мақсаты  – рота командирлері орынбасарларының кәсіби деңгейін жоғарылату және ротада тәрбие жұмыстарын   ұйымдастырып, өткізудің сапасын арттыру.

 Әскери тәрбиешілердің нағыз жауынгерлік даярлығы екінші күні сыналды. Алдымен әскерилер табельдік қарумен нысананы дәл көздеп ата алатын мергендіктерін дәлелдеді. Амангелді Жолшиев макаров тапаншасының бар мүмкіндігін танытып, үздік нәтижеге қол жеткізді:  30 ұпайдың 28-н жинай алды.

 Амангелді Жолшиев, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының рота бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Қарамағымыздағы жауынгерлерді жақсы үйрету үшін біз өзіміз де жақсы шыңдалуымыз керек. Шеберлігімізді көрсете білуіміз керек. Сондықтан да біз әрдайым жаттығамыз.

Одан кейін офицерлер тапаншаларын уақытқа бұзып жинаудан сайысты. Жылдамдықты талап ететін бұл кезеңді де сынақ тапсырушылар сүрінбей өтті. Болашақ офицерлерді әскери өмірге шыңдаумен қатар оларды шыдамдылық пен шымырлыққа тәрбиелеп, спортқа тарту  – жұмыстың басты бағыттарының бірі. Тәрбиешілер  турникке тартылу, 100 метрлік және 3 шақырымдық қашықтыққа  жүгіру сынақтарынан да  жақсы өтті. Енді офицерлерді жеке құраммен жұмыс жасау және ұйымдастырушылық шеберліктерін таныту сыны күтіп тұр.

 

Жеңіс Ермұқанов