Билік

Петропавл қалалық мәслихатының сессиясы

 

 

 

 Сессияның күн тәртібіне 13 мәселе шығарылды. Алғашқысы  – қаланы дамытуға арналған 5 жылдық бағдарлама. Жобада жылу желілері мен канализациялық құбырларды жаңарту, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру көзделген.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Алдағы жылы “Жол картасы” бағдарламасы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Үкімет қазір “Әрбір үйге таза ауыз су” бағдарламасын құрастырып жатыр және коммуналдық шаруашылықты жаңарту жобасы іске асырылады. Сондықтан үкімет қаламыздың қандай нысандары жөндеу жұмыстарын қажет ететінін сұрап жатыр.

Петропавлды жан-жақты дамытуға арналған бағдарламаны экономика бөлімі әзірлейді. Бұл жоба депутаттардың да көңілінен шықты.

 Сергей Худяков, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:
– Өте күрделі бағдарлама жоспарланған. Бюджет үш жылға бағытталады. Сәл қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан депутаттар бағдарламаны жүзеге асыруға бір кісідей қатысуы керек.

Сондай-ақ сессиядаоблыс орталығын абаттандыру жұмыстары кеңінен талқыланды.

 Сергей Пуртов, Петропавл қалалық ІІБ бастығы:
-Жыл басынан қаламызды абаттандыру ережелеріне бағынбайтын 739 адамға 178 мыңнан астам теңгенің айыбы салынды. 178 іс соттың қарауына жіберілді. Соңғы тексерістің өзінде облыс бойынша 26 қоқыс орны анықталып жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға 800-ден астам ескерту жасалды.

Десе де жиналғандарды тәртіп сақшыларының жұмысы қанағаттандырмай отыр. Жұмыс қаланың орталық аудандарында жүргізіліп, шеттегі жеке секторлар ұмыт қалған. Санитарлық талап мүлде орындалмайды. Жағдай уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Жиында сонымен қатар әр түрлі комиссиялар құрамы бекітіліп,  ономастикалық комиссияның құрамы кеңейтілді. Оған ардагерлер кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері енгізілді. Сессияға қатысушылар қалған комиссиялар бойынша өзгеріс енгізу қажет емес деп шешті.

 Жеңіс Ермұқанов