Білім

Қазақ тілі білгірлерінің байқауы

 

 

 

 

 

Бүгінгі тіл білгірлерінің барлығы жергілікті емес ұлт өкілдері. Бірақ сөйлеген сөздеріне қарасаң, нақ қазақ па деп қаласың. Олар өздері тұрып жатқан елдің тілін, мәдениетін, халқын сыйлайтын отаншыл азаматтар. Мәселен, Шал ақын ауданының намысын арқалап келген Светлана Ковальчук мемлекеттік тілді білмеуді өзім үшін ұят санаймын дейді.

Светлана Ковальчук, Шал ақын ауданының сайыскері:
 -Әр азамат Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақша сөйлеуі, білуі міндет. Қазақ тілі өте бай тіл. Оны үйрену қиын емес. Сондықтан оны біліңдер.

Ал Петропавлдың атын қорғау бұл жолы құрылыс-экономика  колледжінің студенті Вадим Штирге бұйырыпты. Өзінің жеңіске жететініне ол тіпті күмән келтірмейді.

  Вадим Штир, ПҚЭК студенті:
-Қалалық конкурстан кейін үйге барып кітаптарды оқыдым, ақындарды жаттадым. Қазақ тілін білу әр қазақтың міндеті деп ойлаймын. Қазақстанда жұмыс та қазақ тілінде, соған орай мен әрі қарай жалғастырам. Өзіме жеңіс тілеймін, қарсыластарыма сәттілік.

Байқау ережесіне сәйкес 12 сайыскердің мықтылығы 3 кезеңде сыналды. Олар өздерінің сөйлеу мәнері, сахнада өзін ұстау шеберлігі, қазақтың рухани байлығын жанымен түсіну ерекшелігін шебер таныта білулері тиіс. Биыл сайыскерлерден гөрі  қазылар алқасының жұмысы күрделілеу көрінеді. Олардың алдында республикалық додада 2 жыл қатарынан биіктен көрінген біздің өңіріміздің туын түсіріп алмайтын үздікті таңдау міндеті тұр.

  Зухра Ауғанбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:
 -Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейген сайын өзге ұлт өкілдерінің де құлшынысы жылдан-жылға артып жатыр. Солтүстікқазақстандықтар екі жыл қатарынан республикалық деңгейден бас жүлдені әкеліп отыр. Биылғы жылғы сайыскерлерден де жақсы үміт күтеміз.

Әр кезең сайын сайыскерлердің жұмыстары балдық жүйе бойынша бағаланып отырды. Көп ұзамай нәтиже де белгілі болды. Петропавлдық Вадим Штиф өзі болжағандай, сайыс жеңімпазы атанды. Ал 2-орынға тайыншалық Виктория Овчаренко мен Тимирязев ауданынан келген Елена Адам тұрақтады. Енді Вадим дәстүрден жазбай республикалық бәйгенің бас жүлдесін алып келуі  керек.
 

Кәусар Аяпбергенқызы